Қазақстан Республикасының Мысырдағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама-Шариф мемлекет атауын өзгертуді ұсынды.
«Бүгінгі таңда 193 мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып табылады. Олардың қатарында 7 мемлекеттің атауы «стан» жұрнағымен аяқталады: Afghanistan, Kazakhstan, Kyrgyzstan, Pakistan, Tajikistan, Turkmenistan және Uzbekistan. Стан – парсы сөзі, ел деген мағына береді. Сөздің шығу төркініне үңілсек, жер (land) деген ұғымға да сай келеді. Ирандықтар провинцияны («Остан») дейді. Остан мен Астана - түбірлес сөздер», - деп түсіндірді ол мәселені.
Сондай-ақ, қазіргі өзгеру кезеңінде мемлекет атауынан «стан» жұрнағын алып тастап, басқаша атау қоюды ұсынды.
«Осы 7 ел, 20 ірілі-ұсақ елді мекендердің атауларына көз жүгіртсек, «стан» ұғымы БҰҰ-ның ресми терминімен айтқанда – «мемлекет» (State) мағынасын бермейді. Сондықтан, менің пікірімше, Ата Заңымызға өзгерістер енгізгенде ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ, КАЗАХСКОЕ ГОСУДАРСТВО (орысшасы), STATE OF QAZAQ (ағылшын тілінде) деп, «тайға таңба басқандай» жазуымыз керек», - деді ол.
Елші өз ұсынысын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Басып шығару