Темірхан Мыңайдарұлы саналы ғұмырын ел игілігі жолында қызмет етуге арнап, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына зор үлес қосты, деп атап өтті Елбасы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетовтің өмірден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады
Elbasy.kz."Темірхан Мыңайдарұлы саналы ғұмырын ел игілігі жолында қызмет етуге арнап, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына зор үлес қосқан тұлға еді. Ол бірқатар жоғары лауазымда абыройлы жұмыс атқарып, туризм және спорт, заң шығару салаларының дамуына, елордамыздың көркеюіне бар қажыр-қайратын жұмсады. Кейіннен кәсіпкерлікпен айналысып, ауыл шаруашылығының өркендеуіне атсалысты", – делінген Елбасының жеделхатында.
Нұрсұлтан Назарбаев Темірхан Мыңайдарұлы білікті басшы, пайым-парасаты биік азамат ретінде әрдайым еселі еңбек етіп, көпшіліктің ізет-ілтипаты мен құрметіне бөленгенін айта келе, оның жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталатынына сенім білдірді.
Темірхан Досмұхамбетов 73 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол туризм және спорт министрі, Астана қаласының әкімі, мәжіліс депутаты, президенттің іс басқарушысы, Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы қызметтерін атқарды.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор.
Басып шығару