Әйгілі ақын, жырлары махаббаттың символындай кейіпте миллиондардың жүрегінде сақталған Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы өз туған жерінде дүркіреп өтті. Қазақтың әдебиеттегі маңдайалды азаматтары, қоғам қайраткерлері, мемлекет қайраткерлері, әрбір облыстан арнайы делегация, Қырғыз Республикасынан арнайы қонақтар Нарынқол жаққа аттанған-ды.
Қарасаздағы ұлы тойдың алғашқы күнінде Мұқағали Мақатаевдың туғанына 90 жыл толуына орай республиканың түкпір-түкпірінен жиналған қаламгерлер, ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, депутаттардың қатысуымен «Алаш жырының ақиығы» атты ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға жиналған көпшілік тойдың жағымды атмосферасынан ерекше шабыттанып, ақын туған топырақта толқып, тебіреніп сөз сөйлеуге ұмтылысты.
Конференция барысында қазақтың белгілі ақыны Светқали Нұржан «Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың» лауреаты атанып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Бұдан бөлек, бірнеше қаламгер мерейтой қарсаңында тағайындалған түрлі сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталды.
Конференциядан соң дүбірлі тойға арнайы келген қадірлі қонақтар үшін Қарасаз ауылының Мәдениет үйінде мерекелік концерт қойылып, сахналанған қойылымдар көрсетілді. Ақынның сөздеріне жазылған әндер шырқалды. Қарасаз аспанының астында ән қалықтап тұрды...
Ұлан-асыр тойдың екінші күнінде Райымбек ауданының орталығы – Нарынқол ауылының орталық алаңына қойылған Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақынның ұлы мен келіні – Жұлдыз Мақатаев пен Бақытгүл Айдарова қатысып, сөз сөйледі. Салтанатты іс-шараға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының өкілдері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, қаламгерлер мен жергілікті жұртшылық қатысты. Ақын, Мәжіліс депутаты Мақпал Мыса салтанатты рәсім қарсаңында жырдан шашу шашып, жұртшылықтың ықыласына бөленді.
Ақын ескерткіші ашылар тұста қар жауды. Бұны да көпшілік Мұқағали рухына деген Табиғат-ананың тартуы деп қабылдап, жақсылыққа жорып жатты.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Мұқағали Мақатаевтың 100 жылдық тойын халықаралық деңгейде ұйымдастыру мәселелері қарастырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ, ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан көпшілікке ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді.
Сонымен қатар, лауазымды тұлғаларға Райымбек ауданы орталығындағы жаңа нысандар таныстырылды. Мемлекеттік хатшы, министр және облыс әкімі бастаған топ тұрғындарға бірнеше жаңа үйдің кілтін табыстап, қуанышты еселеді.
Нарынқол – Қарасазда өткен дүбірлі тойдың әсері көпшілік есінде ұзақ сақталатыны анық.
Басып шығару