Нұр-Сұлтан қаласынан Стамбулға бет алған әуе кемесі Атырау әуежайына шұғыл түрде қонуға мәжбүр болған. Бұл туралы ақпаратты әуе компаниясы растап отыр.
«23 қыркүйек күні Air Astana әуе компаниясына тиесілі Boeing 767 ұшағы Нұр-Сұлтан – Стамбул бағытында КС917 рейсін орындау үшін сағат 19:11-де Нұр-Сұлтан қаласынан ұшып шықты. Техникалық ақауларға байланысты әуе кемесінің командирі Атырау әуежайына қонуға шешім қабылдаған. 22:20 шамасында әуе кемесі шттақы режимде Атырау әуежайына қонады. Қазіргі уақытта әуе кемесін тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Жолаушылар қонақ үйге орналастырылған. Оларды бүгін сағат 14:00-де резервтегі ұшақпен көздеген жеріне жеткізеді», - деп мәлімдеді әуе компаниясының баспасөз қызметі.
Облыстық ТЖД ұшақтың техникалық ақауларға байланысты қонуға мәжбүр болғанын атап өтті.
«Бортта 205 жолаушы болды, оның ішінде 5 бала және бес экипаж мүшесі бар. Төрт жолаушы Атыраудағы туыстарының үйіне кетті, екі жолаушы басқа ұшақпен Нұр-Сұлтанға ұшты. Қалған 199 жолаушы қонақ үйге орналастырылды. Қазіргі уақытта техникалық ақауларды қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүріп жатыр», - деп мәлімдеді Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Басып шығару