Ақтау қаласының Мәслихат депутаты – 42 жастағы Бердіқожа Боранбаев 1 200 орындық жалпы білім беретін мектептің құрылысын тендерден ұтып алды. Құрылыстың жалпы суммасы – 3 106 309 670 теңге.
Тендерді ұйымдастырушы – Маңғыстау облыстық Мемлекеттік сатып алулар басқармасы, ал №4405340-ОК1 лотының тапсырыс берушісі Маңғыстау облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Аталмыш «бәйгеде» депутат Боранбаевтың иелігіндегі «Оңдасын Строй» ЖШС (БИН 060440009800) жеңімпаз атанған.
Бұл лот бойынша жеңімпаз тарап Ақтау қаласындағы 19А ықшамауданында 1 200 оқушыға арналған төрт қабатты мектеп ғимаратын салуы керек. Жұмыс жобасы бойынша ғимарат төрт қабатты екі блоктан, үш қабатты бір блоктан тұрады. Мектепті 23 ай ішінде салып бітіру керек.
Orda.kz порталының тілшілері Боранбаевтың өзімен байланысып, төтесінен сұрақ қойған. Депутат былай деп жауап беріпті:
«Біз жыл сайын компанияны дамытып келе жатырмыз. Бұның депутаттық қызметке еш қатысы жоқ. Біз бюджеттік мәселелерді шешпейміз. Мен өзім үшін отырған жоқпын. Ондай болмаған және ешқашан болмайды. Егер мені халқым қажет етпесе, мандатымды қазір өткізуге дайынмын. Мен халқыма осы уақытқа дейін көмектесіп келе жатырмын, мандатсыз да көмектесе беремін. Мен бірдеңенің жетегінде жүретін адамдар қатарынан емеспін», - деді депутат.
Басып шығару