Қызылорда облысының Арал ауданында құрғақшылық пен мал азығының тапшылығына байланысты төтенше жағдай жарияланды.
Маусым айының басында ауданда 500-ден астам сиыр мен жылқы қырылды. Бұған себеп – Сырдариядағы жайылымдардың нашарлығы, қатты ыстық ауа райы және судың жетіспеушілігі. Жауын-шашынның аз болуына байланысты жайылымдардың 90 пайызы жарамсыз болып шықты.
Бір айдан астам уақыт бойы аудан әкімдігі төтенше жағдай режимін жариялау үшін құжаттарды дайындады. Енді құжат Әділет министрлігінде тіркелді.
Бүгінгі күні жағдайды тәулік бойы бақылау ұйымдастырылды. Көрші ауылдарда шөп шабуға көмектесетін еріктілер топтары құрылды. Еріктілер Қазалы, Қармақшы және Сырдария аудандарында жұмыс істейді.
Бүгінде шөптің шығымына байланысты ауылдық округтер «қызыл», «сары», «жасыл» аймақтарға бөлінген. Оның ішінде 13-і «қызыл», 6-ы «сары», 4-і «жасыл» аймақта тұр. Қыста шамамен 205 мың бас төрт түлік қолда бағылады деп жоспарланған. Оған 184 мың тонна шөп қажет. Бүгінге дейін ауданға 2 мың 300 тоннасы ғана жеткізілді. Аудандағы шабындықтардан 36 мың тоннадай шөп дайындалады. Қалған 146 мың тоннасын сырттан тасымалдау жоспарланып отыр. Аудан басшысы төтенше жағдайға байланысты қуаңшылық жағдайына күнделікті мониторинг жүргізілетінін айтты.
«Бірінші кезекте 8 каналды тазалау жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Ол Ақшатау, Қамыстыбас көлдер жүйесін ретке келтіруге септігін тигізеді. Сорадан Бұрмақұлақ тоспасын жасап, іске қосу керек. Қызыл аймақта орналасқан 15 су ұңғыманы қосу қажеттілігі биыл атқарамыз деп отырмыз. Жанармай шығындарын өтейтін боламыз келіп жатқан шөптердің. Қажетті қаржының барлығы 1 млрд 936 млн теңгені құрап тұр. Бір бөлігін облыс бөлетін болады, қалғаны республикадан, яғни Үкіметтің резервінен сұралатын болады», – деді Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетов.
Басып шығару