Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Франция мен Мексика үкіметінің «БҰҰ-әйелдер» құрылымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Теңдік буыны» жаһандық форумының қатысушыларына бейнеүндеу жасады.
Онлайн форматта өтіп жатқан форум гендерлік теңдік мәселелерін көтеруге бағытталған. Іс-шараның басты мақсаты – қатысушылардың әлеуетін пайдалана отырып әрі түрлі тәжірибелерді сынау арқылы бірнеше бағытта қатар жұмыс істейтін механизм құру.
ҚР Президенті өз кезегінде Қазақстан тарапы егемендік алғалы бері 30 жыл бойы әйелдерді қолдау бойынша прогрессивті саясат ұстанып келе жатқанын жеткізді.
«Біз әйелдердің құқығын қорғау мақсатында 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының басты элементтерінің бірі саналатын құқықтық база құрдық. Өткен айда мен гендерлік теңдікті қамтамасыз ететін адам құқықтарын сақтау және қорғау жөніндегі Жарғыға қол қойдым. Гендерлік мәселелерді шешу – біздің еліміздің сыртқы саясатының басты ұстанымдарының бірі», - деді ол.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның екі бірдей серіктес ұйымға кіргенін жария етті: гендерлік күш көрсетуге қарсы әрекет ету коалициясы мен экономикалық адалдық коалициясы. Мемлекет басшысы қыздар мен әйелдер тарапына күш көрсетудің жиілігін зерттеу мақсатында жалпыұлттық зерттеу науқанын жүргізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияда гендерлік теңдік және күш қолдану әрекеттерінің жолын кесу мақсатында тәжірибе алмасу алаңын құруды ұсынды. Ол Қазақстан БҰҰ мен ЕО-ның аймақтық бастамаларын қаржыландыруға дайын екенін жеткізді.
Басып шығару