2020 жылы көктемде Ухань вирусология институтының ғылыми базасы өшірілді. Бұл базада қытайлық ғалымдардың пандемия басталған тұста немен айналысқаны туралы барлық ақпарат сақталған. Ақпараттар базасында 20 мыңнан астам жазба болған екен. Ухань зертханасының лауазымды қызметкерлерінің бірі бұл әрекетті «қауіпсіздікті сақтау мақсатында жасалған іс» деп түсіндірді.
ДДСҰ сарапшылары коронавирус пандемиясы туралы шындықты айтпақ болған азаматтар мен журналистердің тұтқындалуына қарамастан, тексеру барысында ешбір нұсқаны жабық деп санамайтынын мәлімдеді. ДДСҰ сарапшы комиссиясының мүшесі Питер Даспак қытайлықтардың бұрын жарияланбаған ақпараттарды алға тартып отырғанын айтқан.
«Бұл – нақты саяси астары бар және жаһандық дертке кінәлі тарапты анықтау мақсатында ұйымдастырылған сапар. Бұл жерде де нақты ақпараттарға негізделген ғылым жетекші рөл атқармақ», - деді ол.
Ал қытайлық вирусологтар коронавирустың Қытайдан тысқары жерде пайда болғанын айтуда. Олардың қатарына Қытай ауруларды бақылау мен профилактика орталығының бас эпидемиологы У Цзунью бар. NBC News тілшісінің «Коронавирус Уханьда немесе Қытайда пайда болды деп ойлайсыз ба» деген сұрағына ол сенімді түрде «Жоқ» деп жауап берген.
Ал ДДСҰ Төтенше жағдайлар жөніндегі атқарушы директоры Майкл Райан коронавирустың қайда пайда болғаны туралы кесіп айтуға әлі ерте екенін жеткізді.
Басып шығару