Үкімет басшысы Асқар Мамин әкімдіктерге бір ай ішінде газ-техникалық инспекция құрып, газ жабдықтарын тексеріп тұруды тапсырды.
Премьер-министр кейбір өңірлерде өрт саны, адамдардың жарақаттануы мен қаза болу фактілері көбейгенін атап өтті. Әсіресе, Шымкент, Алматы қалаларында, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында жер үйлерде өрт жиілеген.
"Өрт, негізінен, электр жабдықтары мен пеш жүйесін дұрыс пайдаланбау салдарынан шығады. Өңірлердің әкімдері осы мәселені ерекше бақылауға алып, тиісті шаралар қабылдасын", – деді Мамин үкімет отырысында.
Ол "Газ және газбен жабдықтау туралы" заңға сәйкес әкімдіктер газ-техникалық инспекция құрып, бүкіл газ жабдығын тексеріп тұруы керек. Алайда бұл жұмыс астанада, Алматыда, Ақмола облысы мен Қостанай облысында ғана орындалған.
"Басқа өңірлердің әкімдігіне бір ай ішінде газ-техникалық инспекция құрып, тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді премьер.
Қолданыстағы материалдық-техникалық жарақтандыру туралы жол картасы аясында соңғы үш жылда 404 өрт сөндіру автомобилі мен 19 мың бірлік жабдық пен керек-жарақ сатып алынды. Бұл жұмыс елордада, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау және Қарағанды облыстарында жақсы жолға қойылған.
"Қостанай, Маңғыстау және Павлодар облысының әкімдіктері бұл мақсатқа жеткілікті қаражат бөлмеген. Осыған орай төтенше жағдайлар министрлігі өрттің алдын алу, күштер мен құралдардың өртті жедел сөндіруге дайындығы мәселесін нақты үйлестіруді қамтамасыз етсін. Өрт қауіпсіздігін бұзуды анықтау және әсіресе, тұрғын үйлер мен коғамдық жерлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау бойынша жұмысты жалғастыру керек", – деді Мамин.
Басып шығару