Ресей президенті Владимир Путин Армения мен Әзірбайжанды Таулы Қарабақтағы қақтығысты жақын арада тоқтатуға шақырды.
«Адамдар өліп жатыр, екі жақта да үлкен шығындар бар, және біз бұл қақтығыс жақын арада аяқталады деп үміттенеміз. Бірақ егер мәселе толығымен шешілмесе де кез келген жағдайда біз атысты тоқтатуға шақырамыз және мұны тезірек жасау керек», - деді Путин.
Путин Армения ҰҚШҰ мүшесі екенін және Ресейдің бұл ел алдында келісім бойынша белгілі бір міндеттемелері бар екенін баса айтты. Ол Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен «үнемі тікелей жұмыс байланысында» екенін атап өтті. Армения билігінің Ресейдің одақтастық міндеттемелерін орындауы туралы сұрақтары жоқ.
«Ресейдің осы келісімшарт бойынша өзінің міндеттемелерін орындауы туралы айтатын болсақ, біз әрқашан өз міндетімізді орындадық, орындаймыз және орындай береміз», - деді Ресей басшысы.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян қажет болған жағдайда Ресей Федерациясы Ереванға Арменияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көмек көрсетеді деген сенім білдірді. Оның айтуынша, бұл екі ел арасындағы келісімде қарастырылған.
Басып шығару