Немесе романтиктер, фанатиктер және оңбағандар туралы
Қырғыздағы қазан төңкерісі әлі де жалғасуда. Сондықтан да бәрін бірден кесіп-пішіп айту, барлық себептері мен салдарын тап басу мүмкін емес. Менің айтарым алғашқы әсер, алғашқы баға ғана. Оқиғалар тым шапшаң әрі ешбір болжамсыз өрбіп жатыр, тіпті бүгін отырып, көрші елде күні ертең не боларын білмей қаласың.
Әзірше бір нәрсе анық. Қырғызстанның 5-ші президенті өзіне дейінгі 3 президенттің (транзиттік президент Отынбаеваның орны бөлек) биліктен не себепті кеткенін ұмытып кетті. Яғни, елдің ашу-ызасын туғызатын отбасылық әрі топтық, демократияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын саясат жүргізді, өз қарсыластарын түрмеге жапты. Кеше өткен лас сайлау сол теріс саясаттың шарықтау шегі, апогейі болды. Кезінде өзі сайлаудың арқасында билікке келіп, міне, бүгін сол сайлауды ойыншық қылып жіберді.
Сол себепті елде кезекті - үшінші төңкеріс боп жатыр.
Әрине, осы басты себептердің түп тамырында көрші елдің саяси жүйесінің өзіне ғана тән ерекшеліктері, соның ішінде, ымырасыз сипат алған аймақтық және кландық қарама-қайшылықтары бар. Мәселен, кез келген жаңа сайланған президенттің кабинетінің төрінде, оның тура желке тұсында ілінген Дамокл қылышы - солтүстік пен оңтүстік факторының өзі не тұрады.
Күні кеше «демократия» деп ұрандатып, келе-келе өзі нағыз авторитарийға айналған Жээнбековтің саяси тағдыры ол әділетсіз сайлау өткізуге бел буған сәттен бастап шешіліп қойған сыңайлы. Меніңше, осы жолғы парламент сайлауы әділетті өткенде, оппозиция өкілдері парламент құрамына енгенде, халық көшеге шықпас па еді.
Осыған дейін біз қырғыз еліндегі революцияларды үлгі етіп келдік. Бірақ, уақыт көрсетіп отырғандай, халықтық бағдарламамен билікке келген кейбір президенттер сол халықты ұмыта бастайды, оның орнына өзінің жеке басы режимін құрып, өзі мен айналасындағы топтың қамын күйттеп кетеді. Бір білгіш айтқандай, «революцияны романтиктер қолға алады, фанатиктер жүзеге асырады, ал оның жемісін барып тұрған оңбағандар көреді». Несі бар, жаны бар, әсіресе, постсоветтік кеңістікте өте-мөте өзекті сөз.
Міне, өткен мен бүгіннен сабақ алатын кез келді. Сөйтіп, ел кезегі үшке дейін болып, үшінші революцияға әкеп соқтырған осы сайлаудан кейін қырғыз ағайындар демократ президенттердің бюрократқа айналып кетпеуіне жол бермейтін тиісті кепілдіктер қалыптастыратын болар.
Билікпен бөліскенінде, яғни тек қана қара басының жағдайын ойламай, биліктің басқа да тармақтарымен санасып, әділетті саясат жүргізгенде, Жээнбеков ұтылмайтын еді, демократ боп қалатын еді. Әрине, парламентте көзіңді бақырайтып қойып сынайтын қарсыластарың отырғаны кім-кімге де қиын: қит етсең, дауыс көтереді, мәселеңді май шаммен қарайды. Бірақ, демократия деген жайлы нәрсе деп кім айтты?!
Билікпен бөлісе білу – тактиканы емес, стратегияны, яғни елдің және өзінің болашағын ойлайтын басшыға ғана тән болса керек. Өкінішке орай, көрші елде ол үрдіс орныға қоймады.
Кешегі оқыс оқиғаларға – көшеге шыққан халықтың Ақ үйді басып алуы, билік органдарының быт-шыт болып, деморализациялануы, әркім әр жерден өзін басшы етіп жариялай бастауы, белгілі бір топтардың осы қарбалас сәтті пайдаланып, кәсіпорындарды иеленіп алуына қалай қарауға болады?
Демократия мен охлократияның ара-жігін калай, қай жерде, қай шамада анықтай аламыз? Халықтық қалау пен тобырлық тайталастың айырмашылығы неде?
Әлде халыққа қарсы қару жұмсалып, алғашқы қан төгілген сәттен бе?
Әділін айту керек, әзірше Жээнбеков өз халқына қарсы жаппай қарулы күш қолданған жоқ, алаңды қанға бөктірген жоқ. Бәлкім, президенттері ауысып тұратын елде ондай, халыққа қарсы қадам үшін ертең міндетті түрде жауап беретінін білген болса керек. Біздің билік те ойланатын жайт осы.
Сөз жоқ, халықтық көтерілістің формалары көп. Ашынған, ызаланған жұрт кез келген қадамға бара алады. Ол оның конституциялық құқы мен қақы. Өз басым кешегі оқиғаны дәл солай, түсіністікпен қабылдаймын.
Бірақ, ал ертең бүгінгі жеңімпаздарға қарсы дәл осындай бірнеше мың адам алаңға шығып, мемлекет органдарын басып алып, өз-өзін прокурор не министр деп жариялап жатса, оларды да «міне, нағыз демократ!» деп, бірауыздан қолдаймыз ба? Жоғарыда айтылған аймақтық және кландық факторлар сақталып қалатынын ескерсек, ертең дәл солай болуы да ғажап емес.
Ең бастысы, осындай, кей жағдайда анархиялық сипат алып кеткен үрдіс елге не береді? Онсыз да көрші алпауыттарға тым тәуелді шағын елді жан-жағынан анталап отырған сыртқы күштерге одан сайын кіріптар етіп қоймай ма?
Осынау аса жауапты кезде институт ретінде президенттің іс жүзінде мемлекеттті басқарудан шет қалып, екі-ақ рет эфирге шығып, жұмыс орынан табылмауы ел қауіпсіздігі мен тұрақтылығына теріс әсер етпей ме?
Жээнбековті жек көруге болар, бірақ бір-екі мың адам қалаған кезінде ел президентінің кабинетіне баса-көктеп кіре берсе, ондай елді кім сыйламақ? Билікті ауыстырудың заңды, легитимді жолдары бар емес пе?
Қырғыз елінде боп жатқан халықтық қозғалысты қолдай отырып, дәл осындай көкейдегі түйткілдерді да айтпасам, сөз атасы өлер.
Біздің билік те осы оқиғалардан сабақ алуы тиіс. Ең бастысы – алда келе жатқан парламент сайлауын мейлінше адал өткізсін, оппозициялық күштердің легитимді мәртебе алып, сайлауға қатысуына мүмкіндік жасалсын.
Ал қай партия парламенттке енеді – оны халықтың өзі шешіп алады.
Әміржан ҚОСАН
Басып шығару