Алматы қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ Көлік және коммуникациялар академиясы бас лицензиясынан айырылды. ҚР Білім және ғылым министрлігі ендігі уақытта аталмыш ЖОО-ның білім беруге құқығы жоқ екенін мәлімдеді. «ҚР БҒМ Білім беру және ғылым сапасы жөніндегі комитеті М.Тынышпаев атындағы Қазақ Көлік және коммуникациялар академиясын лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады. Шешім 10 жұмыс күнінен кейін күшіне енеді және сол сәттен бастап бұл ЖОО білім берумен айналыса алмайды», - деп жазылған хабарламада.
Министрдің баспасөз қызметі академияда жыл бойы жүргізілген жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер барысында білім беру саласы бойынша заң бұзушылықтар анықталғанын айтады.
«Оқу процесі сапалы профессорлық-оқытушылық құраммен, өндірістік тәжірибеден өткізу ісімен, оқу құралдарымен, ғылыми әдістемеліктермен жасақталмаған. Білім беру бағдарламасы жұмыс берушілер талабына сай емес. «Атамекен» ҰКП мәліметіне сүйенсек, академияның білім беру бағдарламасының 60 пайызы талапқа сай емес», - деп түсіндірді министрлік тарапы.
Қазір бұл академияда бес мыңнан аса студент білім алып жатыр. Оқу ақысы – 427 мың мен 1,5 миллион теңге аралығында.
«Студенттер грантын сақтай отырып басқа ЖОО-ға ауыса алады. Ақылы оқитындарға да басқа ЖОО-ға ауысуға рұқсат берілген», - деп түсіндірді комитет төрағасы Гүлзат Көбенова.
Басып шығару