ҚР Үкіметінің отырысында 2021-2025 жылдардағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму барысындағы мұнай өндірісінің көлемі туралы болжам айтылды. Сонымен қатар 2021-2023 жылдардағы мұнай бағасының болжамды бағасы туралы сөз қозғалды.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов үш жылдық жоспар түзу барысында мұнай өндірісінің көлемі мен бағасына қатысты қандай болжам жасағанын айтты.
«2021 жылы 86 миллион тонна, 2022 жылы 89,6 миллион тонна, 2023 жылы 100,8 миллион тонна мұнай өндіруді жоспарлап отырмыз. 2021-2023 жылдар аралаығындағы мұнай баррелінің бағасы 35 доллар болуы тиіс», - деді ол.
Ал Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев мұнай ахуалының бүгіні туралы мәлімдеме жасады.
«Әлемдік экономика қалпына келе бастады, сәйкесінше энергоресурстарға сұраныс артты. Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы сәуір айында 15,98 долларға дейін түссе, тамыз айының 25-жұлдызында 45,1 долларға дейін көтерілді. Бұл – мұнай баррелінің бағасы қайтадан 2,8 пайызға қымбаттады деген сөз», - деді ол.
Оның айтуынша алдағы мұнай бағасының өзгерісіне коронавирус пандемиясының екінші толқыны, АҚШ пен Қытайдың экономикалық қарым-қатынасы және ОПЕК+ келісіміндегі елдердің мұнай өндіру көлемін арттыру туралы ұйғарымы әсер етуі ықтимал.
Басып шығару