Нұрсұлтан Назарбаевтың атына әртүрлі мемлекет басшыларынан құттықтаулар келіп жатыр. Құттықтау хаттар Елбасы сайтында жарияланды.
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанның Тұңғыш Президентіне мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
«Сіз Қазақстан Республикасының негізін қалаушысыз. Елбасы ретінде халықтың ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөлендіңіз. Мен екеуміздің қытай-қазақ қатынасы жөнінде үзеңгілес қызмет атқарған кездерді есіме аламын. Сіз екіжақты қарым-қатынастың дамуына үлкен күш салдыңыз. Мен бұл еңбегіңізді жоғары бағалаймын. Сіз әрқашан менің жақсы досым болдыңыз. Әлі де екіжақты қарым-қатынасқа көңіл бөледі деп үміттенемін.
Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! Қазақстан халқына да бақыт тілеймін!» - деген Си Цзиньпин.
Әзірбайжан Республикасының президенті Ильхам Алиев те Елбасыға телеграмма соғып, өз тілегін білдірді.
«Сіздің сындарлы саясатыңыздың арқасында Қазақстан аты халықаралық аренада аталып, абыройы өсіп, экономикасы қарыштап дамыды.
Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы, осындай ерекше күні сізді және бауырлас Қазақстанды шын жүректен құттықтаймын!» - деген ол.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен Армения президенті Армен Саркисян, Украина президенті Владимир Зеленский, Польша президенті Анджей Дуда, Армения Премьер-министрі Никол Пашиня құттықтады.
Басып шығару