Кремль басшысының шақыртуын қабыл алған бірнеше мемлекеттердің көшбасшылары бүгін, 24- маусым күні өтетін Жеңіс парадына барудан жаппай бас тартты.
Бас тарту эстафетасын түйіндеген хорват лидері Зоран Миланович еді. Оның сылтауы да ерек: президенттің баспасөз хатшысының мәліметіне сүйенсек, ұшақ істен шығып, 24-маусымға дейін жөнделіп үлгермепті.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян да парадты тамашалауды аса маңызды шара деп санамаса керек. Ол өзінің бұл сапардан бас тартатыны туралы үкімет сайтында мәлімдеді.
«Елдегі эпидемиологиялық жағдай маған бұл сапарға шығуға мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан, мен Мәскеуге бармауға шешім қабылдадым», - деп жазылған сайтта.
Путиннен шақыру алған Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов те әріптесіне бара алмайтыны туралы хабар жеткізіпті.
Түрікменбаши бұл сапарға бармауын өзінің 29-маусым күні «Пайғамбар жасына» жететінін, ал шетелге шыққан адам заң бойынша келген соң екі апта оқшаулану керек екенімен түсіндірген. Ол Путинге өз туған күнін жақындарымен бірге тойлау маңызды екенін айтыпты.
Әзірбайжан президенті Ильхам Алиев те Путинге телефон соғып, Мәскеуге жолы түспейтінін жеткізген.
«Президент Ильхам Алиев әскери парадқа қатысу сапарына шыға алмайды. Мемлекет басшысының Мәскеуге бара алмауына себеп – елдегі карантин шараларының кеңейтілуі», - деп жазыпты әзірбайжандық басшының сайтында.
Коронавирустың таралуына байланысты Мәскеуге барудан Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мен Чехия президенті Милош Земан бас тартқан. Бұл қатарға Путиннен шақырту алған Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевты да қосуға болады. Ол коронавирус жұқтырғаннан кейін ем алып жатыр.
Бүгін Қызыл алаңда Путин Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан, Сербия басшыларын күтпек.
Путин Жеңіс парадына Украина президенті Владимир Зеленскийді шақырған жоқ. Зеленский өз кезегінде шақырту алса да бармайтынын мәлімдепті.
Басып шығару