Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мінген тікұшақ апатты жағдайда жерге қонған. Бұл туралы
Nege.kz порталы белгілі блогер Денис Кривошеевтің әлеуметтік желідегі жазбасына сілтеме жасап мәлімдеді.
«Кеше, 14-маусым күні, «Қазавиақұтқару» әуе компаниясына тиесілі Ми-171 маркалы тікұшағы Жамбыл облысы Тасөткел ауданының маңында, Тараз қаласынан 170 шақырым жерде апатты жағдайда қонды. Қолда бар мәліметке сүйенсек, тікұшақтың гидрожүйесі істен шыққан. Оның ішінде болған жолаушылар – Асқар Мамин мен Бердібек Сапарбаев басқа тікұшаққа ауысып мінген. Қазір апатты жағдайға байланысты комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүріп жатыр», - деп жазды блогер.
Бірақ блогер жазбасында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың аты аталмайды. Еске сала кетейік, Елжан Біртанов коронавирус инфекциясын жұқтырып, қазір ем алып жатыр.
«Тікұшақтың аса жайсыз қонғаны соншалықты Асқар Мамин мен Елжан Біртановтың миы шайқалған. Бір қызығы, Бердібек Сапарбаев ешқандай жарақат алмаған. Оның өзіндік себептері болса керек. Өйткені дәл сол кезде Сапарбаевтың жағдайы басқалардан өзгерек болғанға ұқсайды. Үшеуін оқиға болған жерден өзге тікұшаққа мінгізіп, алып кеткен. Олардың бірінен соң бірінің оқшаулануы осы оқиғаға байланысты болуы мүмкін», – деп мәлімет берген Nege.kz порталының оқырманы.
Апатты жағдайда қонған тікұшақ туралы ақпаратты «Қазавиақұтқару» АҚ қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Анар Хамитова растап мәлімдеме жасады.
«Тікұшақ Жамбыл облысындағы Қордайда тәртіпсіздік болған аумақты айналып жүргенде есептегіш гидравликалық жүйе істен шыққан. Бортта Премьер-министр Асқар Мамин мен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев болды. Оларда бәрі жақсы. Барлығы дін-аман екінші бортқа отырғызылды. Енді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, яғни Индустрия және инфрақұрылымды дамыту Министрлігі ақауды анықтау үшін комиссия құрады. Комиссия тікұшақтың бұзылу себептерін анықтайды», - деді ол.
Әлеуметтік желі қолданушыларының көпшілігі бұл жағдай мен лауазымды шенеуніктердің іле-шала оқшаулануының арасынан байланыс іздеп отыр.
Басып шығару