Алматы облысында екі полиция қызметкерінің өліміне себепкер болған күдіктінің әкесі қазақстандықтарға үндеу жолдады. Ол ұлының жұмыстан қуылғанын білмепті.
Әлеуметтік желіде бұрынғы полиция қызметкері, қазіргі күдікті жүргізушінің әкесіның сөзі кең тарауда. Талғат Мұқашев қаза тапқан қызметкерлердің отбасына көңіл айтып, ұлы үшін кешірім сұрады.
«Сіздерден кешірім сұраймын. Мен ұлымның қиындықтан қашып, өз еркімен жұмыстан шығып кеткені туралы білмедім. Білгенде кеше айтар едім. Оның шыдамдылық танытпай жұмыстан шыққанын қазір естіп отырмын. Мүмкін, ол мұны маған айтудан қорыққан шығар. Мен оны қатал тәрбиеледім. Әрбір адам қателеседі ғой. Менің ұлым да қателесті, менің тәрбием дұрыс болмаған шығар. Ұлым жаман адам емес. Өмірде әртүрлі нәрсе орын алып жатады. Халқымнан кешірім сұраймын. Бізді балағаттай бермеңіздер, өздеріңіз де ата-анасыздар ғой», - деді ол.
Күдіктінің адвокаты да мәлімдеме жасап, Азаматтың туыстарын мазаламауды сұрады.
«Азаматтың әкесімен сөйлесу барысында оның полиция қатарында қызмет істегенін білдім. Бірақ бұл – кінә емес қой. Сондықтан, күдіктінің туыстарын аңдып, олардың бағытына балағат айтуды тоқтату керек. Оның кінәсін тек сот анықтайды. Ойдан шығарылған өсекті тоқтатуды сұраймын», - деді адвокат Марат Сұлтанбеков.
Еске сала кетейік, 25-мамыр күні Алматы облысында 1992 жылы туған жүргізуші көлікті мас күйінді тізгіндеп жол-көлік апатын жасайды. Нәтижесінде екі полиция қызметкері қаза тауып, үшіншісі жан сақтау бөлімінде жатыр.
Басып шығару