Алты құрлықтағы адамзат баласының бүгінгі бір ғана тілегі – бейбітшілік. Дәл осы сөз жалғанды жалпағынан басқан алып державалар мен алып атыраптағы ат төбеліндей елдердің бүгінгі ұстанымына айналуы тиіс. Алайда жетпіс жылға жуық бір тудың астында біріккен бауырлас елдердің бір-біріне қару ала жүгіруі уыздай ұйыған қоғамның ішін алатайдай бүлдіріп бітті. Бүгінгі бұқара «әлемдегі саяси ахуалдың садағы бізге бағытталып кетпей ме» деп қауіптенеді. Себебі, КСРО-ның тастап кеткен ұзақ мерзімді минасы қай кезде болсын жарылатыны белгілі. Шекараны шегендеуде шикілік жіберген мемлекеттердің әскери қақтығыс жасауы қалыпты жағдайға айналып барады. Бұл – қорқынышты. Соғыстың өрті шекарасын шарпыған елдердің біртұтастығын сақтау үшін бір мүддеде болуы шарт. Ал мүдделер табысатын жерде қарағайдай мүйіздің қайраты емес, қаймыжық еріннің айласы керектігі бесенеден белгілі. Ендеше жер телімдері үшін жаға жыртысқан Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шиеленістің қалай бастау алғанын, себебі мен салдарын сараптап көрейік.
Қос елдің арасындағы қақтығыстың тамыры тереңде. КСРО кезеңінде ауылы аралас, қойы қоралас мемлекеттердің 1991 жылдан бері шекарасын бекітпей, демаркация жүргізбеуінің салдары отыз жыл өтседе саябырсымай тұр. Қырғызстан мен Тәжікстанның арасындағы шекара мәселесінің шешілмеуіне бірнеше факторлар әсер етеді. Олардың алғашқысы қос тараптың совет одағының тұсында әртүрлі картаны пайдалануы еді. Мәселен, Тәжікстан 1925-1939 жылға дейінгі карта бойынша шекараны анықтайық десе, Қырғызстан 1958-1859 жылғы карта бойынша шешуді жөн санайды. Себебі, 1959 жылғы карта бойынша Борух аймағы айыр қалпақтыларға тиесілі телім. Алайда, бүгінгі таңда бұл жер құрамында 30-35 мыңға жуық тәжіктер өмір сүретін анклав аумаққа айналған. Екі елдің арасындағы шекара шегенделмегендіктен: маңызды мемлекет аралық жолдар, су қоймаларын бөлу мәселелері де үлкен дау туындатып отыр. Осыған сәйкес егіндік пен шабындық уақыттарында кикілжіңдер көбейіп кетеді. Қазіргі уақытта екі елдің арасындағы шекара 900 шақырымды құраса, соның 3/1-інде жер дауы жөнді шешімін таппаған.
Хош. Қос елдің арасынағы алауыздықтың тарихын тәпсірледік. Жер үшін бірін-бірі жау санаған мемлекеттерге қақтығысты тоқтатудың ең тиімді тәсілі дипломатия екендігін ескертейік. Бұны презиедент Қасым-Жомарт Тоқаевта та баса айтқан болатын. Ол: «Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығы даналық танытып, барлық даулы мәселелерді тек қана бейбіт жолмен шешетініне сенімдімін. Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын» деді. Иә, дендеген дертті дәл қазір тоқтатпаса, көршіңнің үйі өртенсе, жалаңдаған жалыннан жалтара алмайтының секілді салдары біздің елді де айналып өтпейтіндігі хақ. Бұны тарихшы Асылбек Бисенбаев та баяндады. Оның айтуынша, Қазақстан үшін бұл жағдайда басты қауіп – оның ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында болуы. Түптің түбінде біздің ел қайссы бірінің ығына жығылуы тиіс. Себебі, Қырғызстан да, Тәжікстан да ҰҚШҰ мүшелері. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыста тапқан айла шарғымыз аталмыш жағдайда жерді жаудан, елді даудан сақтамауы мүмкін дейді. Егер толық ауқымды әскери қақтығыс дәл Орталық Азияда орын алса, шетте қала алмаймыз, - деп дабыл қақты. Демек біздің ел үшінде: ордадағыға оқ тимейді деп жата берудің әсте қажеті шамалы.
Ендігі кезекте «ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деп дауласқан мемлекеттердің әрекетінен саяси астар іздеп көрейік. Бұл жайында сақа саясаткер Асхат Қасенғалиев былай дейді: Бұл қақтығыс 14 қыркүйек күні қатты ушыға бастады. Тура сол күні Қырғыстан, Өзбекстан, Қытай арасында теміржол салу бойынша келісімге қол қойылды. Бұл Қытай, қырғыстан, өзбекстан, түркіменстан, иран арқылы түркияға барады. Яғни Қытай ресейдің аумағынсыз Еуропаға баратын жолды ашуға ниеттенді. Ал Ресей өз кезегінде бұлай болғанын қаламағандықтан, осындай бір қақтығыстарға мүдделі болуы мүмкін.
Әлемдегі саяси ахуал асқынып, әр елдегі қақтығыстар тасқынып жатқанда әр сөздің астарын, әр қабақтың қатпарын бағып отырудың опа бермейтіні белгілі. Қора сыртында қасқыр ұлып тұрса да, жылы төсегінде шалжиып жатқан қойшыдай қаннен-қаперсіз отыра берудің қажеті шамалы. Шекарамыз шегенделді деп шалқаюдан көрі, қызыл тілді қаруға айналдырып, айналамыздағы ағайынның араздығын азайтуымыз қажет. Ресейдің ықпалынан құтылдық деп мәз болмай, құрдымға кетпеудің жолын қарастырған абзал. Себебі, жыланды үш кессең де, кесірткедей күші бар екенін естен шығармайық.
Автор: Жақсылық Зинешов
Жетекшісі: аға оқытушы Н.Б.Рушанова