ОРАЛ. Bairaq.kz – Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақстандық жауынгер Иван Геталоның туыстары табылды, деп хабарлайды
ҚазАқпарат. БҚО-ның Тасқала ауданы Мерей ауылында тұратын М.Мәметова атындағы іздестіру жасағының жетекшісі Сергей Лапшиннің айтуынша, 1944 жылы 21 қыркүйекте сержант И.Гетало «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 3-Беларусь майданы 192-атқыштар дивизиясы 298-артиллерия полкында байланысшы болған 1923 жылғы И.Гетало Гарманы деревнясы маңында қатты ұрыс кезінде батылдық көрсеткен. Алты рет үзілген телефон сымын жалғап, атыс нүктелері мен бақылау пункті арасындағы үздіксіз байланысты қамтамасыз еткен. Осы ерлігі үшін Иван Африкановичке «Ерлігі үшін» медалі табыс етілген. Майдангер Солтүстік Қазақстан облысындағы еліне аман-есен оралып, осыдан жеті жыл бұрын дүниеден озды. Әйтсе де медаль әзірге белгісіз себептермен ұзақ уақыт бойы Мәскеу қаласының тұрғынында сақталып келген. 2018 жылы Киров облысы Свеча ауылындағы Никольск шіркеуінің настоятелі, «Взвод» іздестіру жасағының командирі Владимир Неганов қазақстандық әріптесі С.Лапшинге хабарласып, мәскеулік танысының медальді майдангердің туыстарына қайтару жөніндегі өтінішін жеткізген. Владимир әкей Қорғаныс министрлігі арқылы медальдің И.Геталоға (1923 жылы дүниеге келген, Солтүстік Қазақстан облысы Октябрь ауданы Дмитриевка ауылынан, анасы Устинья Федоровна Гетало) тиесілі екендігін анықтаған. Осыған орай В.Неганов С.Лапшиннен майдангердің туыстарын табуды сұраған. С.Лапшин Дмитриевка ауылдық әкімдігіне хабарласқанымен, «Мұндай кісілер тұрмайды» деген жауап алған. Содан кейін Есіл ауданы Корнеевкаға (Петропавл қаласынан 120 шақырым жерде) хабарласқанда, іздеу өз нәтижесін берді. Майдангердің қызы Валентина Ивановна (қазір Усатенко) сонда тұрады екен. «Жуырда Владимир әкей халықаралық «Жайық-Урал 2019» туристік-экологиялық экспедициясына қатысу үшін Оралға келіп, БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментте аталған медальді маған тапсырды. Қазір медальді Валентина Ивановнаға табыс ету үшін сапарға дайындалудамын», деді ҚазАқпарат тілшісіне Сергей Лапшин. С.Лапшин басшылық ететін Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы іздестіру жасағы 2007 жылы құрылғаннан бері «Взводпен» бірге Ресей жерінде қоян-қолтық жұмыс жасап келеді. Мақсаттары ортақ – белгісіз болып жатқан жауынгерлер мүрделерін зерттеп, аты-жөндерін анықтау. М.Мәметова атындағы жасақ соңғы жылдары БҚО-ның Жәнібек, Сайқын ауылдары маңында іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Бұған себеп – Сталинград майданына тиіп тұрған Жәнібек, Бөкей ордасы аудандары соғыс жағдайында деп жарияланғаны белгілі. Соғыс өртіне шарпылған қос ауданда әлі де анықталмаған жайттар, қаза тапқан жауынгерлер жерленген жерлер баршылық.