Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдың Ухань қаласынан басталған коронавирустың жаңа түрінің жылдам тарауына қатысты халықаралық төтенше жағдай жариялады. Ұйым басшысы Тедрос Гебрейесустің айтуынша, әзірге халықаралық сауда мен байланысты үзудің қажеті шамалы.
Қытайдан тыс мемлекеттерде вирус жұқтырғандар саны 100-ге жеткен. 18 елдің аумағында анықталған вирус Қытайда 170 адамның өмірін жалмаған. Ал ауыр халде 1 370 адам жатыр. 12 мыңнан астам адам вирус жұқтырды деген күдікпен бақылауда ұсталып отыр.
30-қаңтар күні Италияда кеме тоқтатылған. Өйткені, аталған көлік ішінде Қытайдан оралған отбасының вирус жұқтыруы мүмкін екені анықталған. Алғашқы сараптамалар оң нәтиже бергенімен, медицина қызметкерлері нақты шешім шығару үшін әлі бір тәулік керек екенін айтуда. Бортта барлығы 6 мың адам бар. Жолаушыларға жағаға шығуға тыйым салынған.
Эпидемия өткен жылдың соңғы айында Ухань қаласында басталған. Көптеген мемлекеттер Қытайдан өз азаматтарын алып кетіп, виза беруді уақытша тоқтатқан. Алпауыт әлемдік әуе компанияларының өзі Қытай қалаларына бағытталған рейстерін тоқтатуға мәжбүр.
Қазір Қытайдың бірқатар қалалары жабылып, 60 миллионнан астам адамның әрекеті шектелген. Айта кету керек, эпидемия дәл қазір Қытайдың барлық қалалары мен провинцияларына жетті.