Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары жыл сайын балаларға көмек ретінде ұсынылатын мектеп формасы биыл берілмегеніне алаңдауда. Одан бөлек, ата-аналар балаларға бірыңғай спорт киімін талап еткен мектеп әкімшілігіне шүйлікті, деп хабарлайды Otyrar.kz-ке cілтеме жасаған Ulysmedia.kz.
Жиналған бір топ ананың сөзінше, жылда өлшемі баладан бірнеше есе үлкен келетін мектеп формасы биыл тіптен берілмейтін болыпты. Онсыз да күнін әзер көріп отырған ата-аналар балаларға енді бірыңғай спорттық киім сатып алу керек екенін естігенде төбе шашымыз тік тұрды дейді.
Көпбалалы Ғазиза Қожамбердиеваның 4 перзенті мектепке барады. Атаулы әлеуметтік көмек алатын ана күннен-күнге мектеп формасының қымбаттап жатқанын айтады.
«Былтыр бізге форма берген, балағы келте спортивка, балама 45 размер аяқ киім, қызыма одан үлкенін берген. Уақытымен берілмейді. Биыл бірақ ол да жоқ. Қалып кеткен киімдерді береді, «соңынан келдің ғой, ауыстыра сал» дейді. Кім береді оны?! Базарға ауыстыратын болсаң, 3-5 мың теңге қосып беру керек үстінен. Менің ондай жағдайым жоқ, өзім квартирада тұрамын. Биылдыққа форма да жоқ міне», – дейді ата-аналардың бірі Ғазиза Қожамбердиева.
Әлеуметтік желідегі ата-аналар чатында тараған «Мектеп оқушылары бірыңғай спорттық киім сатып алу керек» деген хабарламаны оқығанда балаларына қарапайым жейде мен шалбарды сатып әперу мұңға айналып отырған тұрғындар әбден ашуға булыққан.
«Мектепте денешынықтыру сабағынан бөліп-бөліп қойған. Мысалы, 4-8 сыныпқа дейін қызыл түс кисін, ал 8 сыныптан жоғары қарай тағы басқа түс кисін дейді. Біз мынандай форма алып бере алмай отырғанда, қызыл спортивканы қайдан тауып береміз. Тамағын тауып бере алмай отырған ата-аналар да бар да арамызда, квартирада тұрамыз өзіміз. Ал қызыл, сары, көк түсті қайдан тауып беріп, кигіземіз?! Ал «соған бөлініп жатқан қаржы бар екен ғой»- деп келсең «қаулы шыққан жоқ» дейді», – деді Дильнура Каримбаева.
Ата-аналардың айтуынша, олар осы мәселенің анық-қанығын анықтау үшін мекте пқызметкерлерімен сөйлескен. Нәтижесінде олар ауданнан мектеп формасына байланысты ешқандай бұйрық келмегенін жеткізгенін айтады.
«Социологқа звондадық, қыркүйек жақындап қалды, не істейміз деген едік. «Білмейміз, бізге ешқандай бұйрық жоқ, қазір тып-тыныш» дейді. Ал бірақ біз естіп отырмыз, кішкентай ауыл болғаннан кейін әкесі жоқ немесе шешесі жоқ отбасылардың метркелерін жинап жатыр. Сол не үшін десек аудан сұратып жатыр деп жатыр. Ауданға келіп айтсақ, сендер ондай санатқа жатпайсыңдар деп жатыр», – дейді Лаура Ағманова.
Тұрғындарды біраз уақыт күттіріп, мәселесін тыңдауға аудан әкімі Мұхит Отаршиев келді. «Бұл мәселені мен шеше алмаймын» деген әкім тиісті сала жауаптыларының жауабын жеткізді. Сөзінше, жауапты басқарма қажетті қаражатты республикалық бюджеттен күтіп отырған көрінеді.
«Бүгінгі таңда бізде мектеп формасы жетім балаларға, сосын қамқоршысынан айырылған балаларға қарастырылған. Ол беріледі деп отыр. Сосын атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтарға қарастырылатын формаға байланысты тиісті ұсынысты мемлекетке жіберіп қойдық деп маған хабарлады. Менің білуімше, әрбір мектеп формасы – 35 мың теңге көлемінде. Осыған қажетті қаражатты мемлекет тарапынан сұратып отырмыз республикалық бюджеттен», – деді Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев.
Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл әр балаға кемінде 35 мың теңге ата-анасының шотына аударылады. Ал қаржы ең алдымен тұл жетім және жартылай жетім санатындағы балаларға бөлінеді.
«Осы уақытқа дейін аталған категориялар еңбек министрлігі арқылы қаржыландырып келген. Қазіргі уақытта еңбек министрлігі арқылы қаржыландыру тоқтауына байланысты облыс басқарма тарапынан тиісті мемлекеттік органдарға, яғни облыс әкімдігіне, білім министрлігіне тиісті өтінімдер тасталып, соның нәтижесін күтіп отырмыз. Биылдан бастап, форма, канцелереялық тауарларға ата-ананың шотына ақша аударылады. Сол бойынша қаулы күшіне енуде», – дейді Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәулет Ахатов.
Жалпы Сарыағаш ауданында шамамен 40 мың оқушы бар. Оның 5000-ға жуығы мектеп формасына мұқтаж. Тұрғындар тамыз айының аяғына дейін тиісті қаражат түсетінен үміттеніп отыр. Дегенмен, егер қаржы аударылмайтын болса, балаларды мектепке жібермейміз дейді.