Биыл Алматыда алимент төлемеген 68 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қалалық әділет департаменті басшысының орынбасары Жаңабай Ағманов хабарлады.
«Алматы қаласының Әділет департаментінде проблемалық алимент бойынша барлығы 1776 іс бар. Проблемалық алименттердің санын азайту мақсатында департамент жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен, полицейлермен және халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту, сондай-ақ борышкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша нтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жыл басынан бері 57 борышкер жұмыс тапты. Сонымен қатар, 2022 жылы алимент өндіру бойынша 68 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық жауапқа 6 әке тартылды. «Борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту аталған ықпал ету шарасы тиімді екенін көрсетті. Нәтижесінде борышкерлер 85 млн теңгеден астам сомаға берешек төледі», - деді спикер.