Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті Алматы қаласындағы апатты жер сілкінісінің болу қаупі туралы әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпаратты жалған деп таныды.
«Әлеуметтік желіде тарап жатқан жеті балдық жер сілкінісі туралы ақпарат – жалған», - деді ТЖК арнайы өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті өз кезегінде барлық қызметкерлер мен техникалар штаттық режимде екенін, дабыл көтерілмегенін айтты.
«Сейсмология институтының апталық отырысында алдағы уақытта жеті немесе одан да жоғары балдық жер сілкінісі болмайтынын нақтыладық. Сабыр сақтаңыздар», - деді ТЖД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде дауысты хабарлама тарап, онда ер адам Төтенше жағдайлар қызметі дабылды күтіп отырғанын, апатты жер сілкінісі күтілгенін айтқан.