Жауаптылар оқулықта жіберілген барлық қателер жақын арада түзелетінін айтып, уәде берді. Бұл туралы Атыраудағы дөңгелек үстел барысында Ш. Уәлиханов атындағы этнология және тарих институтының директоры, оқулық авторларының бірі, профессор Зиябек Қабылдинов айтқан-ды.
8-сыныпқа арналған мектеп оқулығында Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің датасы, өткені жері мен батырлардың жерленген орындары нақты ақпараттан алшақ жатыр.
«Мен кітап авторларының бірімін. Сондықтан, барлық сын пікірлерді қабылдап, қателіктерді түзетуге уәде беремін. Бір ғана нәрсе айтайын, 2017 жылы Л. Гумилев атындағы университетте проректор болып қызмет жасап жүргенімді мені ҚР БҒМ-ға шақырды да: «Сен – Қазақстан тарихының маманысың, оқулық жаз!», - деді. Мен бас тарттым. Бірақ біраз уақыттан кейін келіскен едім», - деді профессор.
Оның айтуынша, оқулық жазуға үш ай ғана уақыт берген екен. Содан кейін ол проректор қызметін тастап, архивке отырған.
«Мойындаймын, мен аймақтардың тарихын білмедім және оны ғылыми деректерге сүйеніп жазып шықтым», - деді автор.