Торқалы тоймен тең тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай 9 желтоқсан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Селтеткізер» оқырмандар клубының жиыны өтті. Еркін форматта өткен бұл шараға журналистика және филология факультетінің 1-4 курс студенттері қатысты.
Жас ақындар өз өлеңдерін оқыса, кейбір студенттер қазақтың дүлей ақындарының өлеңдерін жатқа соқты. Рухани әсер сыйлаған кешке журналистика факультетінің ұстаздары да қатысты. Студенттердің игі бастамаға мұрындық болып, таланттарын ортаға салғанына риза болған кейбір ұстаздар ортаға шығып, өлең оқыды. Өлеңсүйер қауымның қарасы қалың. Бұл мұндай келелі кештің кейінгісі емес. Арқаланып, ерекше күй кешкен студенттер қауымы алдағы уақытта «Селтеткізер» жиыны жоғалмайтынын жеткізді.
Егілте-төгілте өлең оқыған өлеңсүйер азаматтар көрермендерін жалықтырмады деуге болады. Өнер ұғымының сипаты кең. Жігіттер ұлттық аспап домбыраны күмбірлетіп, залдағы көрерменнің арқа тұсын бір шымырлатып алғаны рас.
«Селтеткізер» атауы туралы бірер сөз
Шығыс халықтарына тән ұлттық мейрамдардың бірі – Наурыз. Жылдың басы. Бұл күн салт-дәстүрі ортақ елдер үшін ғажайып сәт. Наурыз мейрамы жылдың басы болған соң, қыстан ама-сау шыққан ел-жұрт аянбай дайындалады.
Қаны қызу, бойын қуаныш кернеген жастар жағы түні бойы алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтады. Гүлдей құлпырып, шат-шадыманға бөленген қыздар өздерін ұнатқан жігіттерге «Ұйқыашардан» дәм татқызса, жігіттер оларға «Селтеткізер» сыйлаған. «Селтеткізер» сыйлаудың да өзіндік мәдениеті һәм ережесі бар. Қыздар «Ұйқыашарда» жігіттерге ас-судан дәм татқызса, жігіттер мәрттік танытып айна мен тарақ, әшекей бұйымдарын тарту еткен.