ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары Біләл Чакыджы Түркістан қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатуды ұсынды.
Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы: интеграция және ынтымақтастық перспективалары» атты халықаралық онлайн-конференция барысында Біләл Чакыджы Түркістанның жылдам дамып келе жатқанын айтты.
«Түркі елдеріне қажетті істің барлығы қазақ елінің Тұңғыш Президентінің бастамасымен жасалған. Осыдан үш жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді. Елбасының Жарлығы Қазақстан жұртшылығының ғана емес, күллі түркі дүниесінің мерейін тасытты. Осылайша, тарихы терең Түркістан жаңа сатыға көтерілді. Небәр үш жыл ішінде Түркістанды түркі елдері ғана емес, әлем танитындай жағдайға жеттік. Тарихи қала өзінің ерекшелігін сақтай отырып, заманауи бағытта көркейіп келеді. Бұған таңданбасқа болмайды.
Осыған байланысты мен аса маңызды үндеу жариялаймын. Түркі дүниесінің рухани астанасы Түркістанның дамуына сүбелі үлес қосқан, көне қалаға жаңа дес берген, түркі интеграциясын іске асыру идеясына басшылық еткен Нұрсұлтан Назарбаевқа облыс орталығы – Түркістан қаласынан ескерткіш орнату бастамасын көтеремін. Менің бұлай деуіме толық негіз бар», - деді Біләл Чакыджы.
Аталған онлайн-конференцияда көне шаһар Түркістанның бүгінгі жағдайы сөз болды.
Сурет: РБК