Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда бірқатар заң жобалары мақұлдап, жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Бұл туралы Мәжілістің
баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы отырыста депутаттардың бастамасымен әзірленген Еңбек кодексіне қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобасын I оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы қашықтан жұмыс істеуге байланысты еңбек қатынастарын жетілдіру және реттеу мақсатында әзірленді. Құжатты талқылау барысында Нұрлан Нығматулин: -Әрбір заманның, әрбір уақыттың өзінің талабы бар. Барлық сала осы заман талабына сай болу керек. Сол үшін бүгінгі заң жобасында «қашықтан жұмыс» деген норманы енгізіп отырмыз. Себебі, пандемия кезінде қашықтан жұмыс жасаудың пайдалы екеніне, тиімді екеніне бәріміз көз жеткіздік. Сондықтан қашықтан жұмыс форматы да заң деңгейінде реттелу керек деп есептеймін, - деді.
Аталған құжатпен жұмыс барысында депутаттар ұғымдық аппаратты нақтылау («қашықтан аралас жұмыс істеу», «хабарлама» ұғымдары);
- төтенше немесе соғыс жағдайы, төтенше жағдай енгізілген кезеңде не өзге де шектеу іс-шаралары енгізілген кезде немесе жұмыскерлердің өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін өзге де жағдайларда жұмыс берушінің актісімен жоғарыда көрсетілген жағдайлар жойылғанға дейін жұмыс берушінің қашықтан жұмыс істеу немесе қашықтан аралас жұмыс істеу құқығын уақытша енгізу;
- жұмыс берушінің актісіне сәйкес жабдықты, бағдарламалық-техникалық құралдарды, коммуникация құралдарын (байланыс құралдарын), байланыс қызметтерін, ақпаратты қорғау құралдарын және өзге де құралдарды қоса алғанда, еңбек функцияларын қашықтан орындайтын жұмыскерге жұмыс беруші беретін құралдар тізбесін нақтылау;
- қашықтан жұмыс істеу орындалатын орынды нақтылау және басқалары бөлігінде жекелеген нормаларды нақтылайтын және заң жобасының мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді.
Сурет: Aikyn.kz