Мемлекет басшысы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесуге қатысты. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарын құттықтап, олардың өз дарынымен көпшілікті мойындата білгенін, мемлекетімізді өркендетуге айырықша үлес қосып келе жатқанын айтты. Олар біздің халқымыздың мақтаныштары, өзге елдер Қазақстанды осы азаматтар арқылы танып, бағалайды.
«Қазақтың қандай халық екенін жер жүзіне танытып жүрген бірнеше азамат осы жобаның жеңімпазы атанды. Біз түрлі салада жетістікке жеткен осындай отандастарымыздың еңбегін дәріптеуіміз керек. Өйткені табысты жандардың тәжірибесі әрдайым басқаларға үлгі-өнеге. Өскелең ұрпақ өздеріңізге қарап бой түзейді, ұқсауға тырысады. Мен еліміздің әрбір перзенті сіздер сияқты өнегелі болсын деп тілеймін», – деді Президент.
Мемлекет басшысы терең білімін озық тәжірибемен ұштастыра білген азаматтардың елімізді алға жетелейтініне сенімді. Президент Тәуелсіздік кезеңінде өсіп жетілген буынның қарым-қабілетін жоғары бағалады.
«Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – бұл аса маңызды мемлекеттік міндет. Еліміздің болашағы дарынды, отаншыл жастардың қолында болуы керек. Солай боларына кәміл сенемін. Осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін жүйелі реформаларды міндетті түрде жалғастырамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент қоғамдағы бірлік пен келісімнің, барша қазақстандықтардың жасампаз еңбегінің арқасында дамуда айтарлықтай алға ілгерілегенімізді атап өтті.
«Бұл жерде біздің жетістіктерімізді көрсететін көптеген сандар мен деректерді мысалға келтіруге болады. Бірақ барлық табыс адамдардың берекелі өмірімен, жеткен жетістігімен және кемел келешекке ұмтылысымен өлшенетінін есте ұстауымыз керек. Сіздер еліміздің байлығы екендеріңіз сөзсіз. Өсіп-өркендеген, әділетті, дамыған Қазақстанды құру сіздерге жүктеледі. Сондықтан адам капиталын жан-жақты дамыту біздің мемлекетіміздің басты басымдығы болған және солай бола бермек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жоба қатысушыларының идеясы мен ұсыныстарын іске асыру үшін оларды орталық мемлекеттік орган басшыларымен жүйелі түрде кездестіріп тұру қажет деп санайды.
«Жүз жаңа есім» жобасы қазақстандық арманның анық іске асқанын көрсетеді. Әрбір талантты, еңбекқор, мақсатшыл адам осы заманның батыры және ұлт мақтанышы бола алады. Сіздер сияқты табысты азаматтар неғұрлым көп болса, еліміздің бәсекеге қабілеті соғұрлым арта түседі. Халқымыздың мерейі де үстем болады. «Жүз жаңа есім» жобасының мақсаты да – осы. Қазіргі заман – білім мен ғылымның дәуірі. Санасы сергек, ойы ұшқыр жастарды ел үшін аянбай еңбек етуге шақырамын. Бұл сіздердің қолдарыңыздан келеді. Мен Қазақ елінің жастарына сенемін!», – деді Мемлекет басшысы.
Сурет: efenday.kz