Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Бүкіләлемдік қазақ күресі федерациясының президенті болып тағайындалды деп жазады Bairaq.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласында өткелі тұрған VIII Қазақ күресінен әлем чемпионаты қарсаңында халықаралық конгресс өтіп, алыс-жақыннан жиналған өкілдердің қатысуымен федерацияның атқарушы комитетін сайлау мәселесі қаралды. Конгресске әлемнің 27 елінен өкілдер келді.
«Таңдау оңай, әрине, бірақ қазақ күресін жаны ашитын, етене таныс адам басқарса деген ой біздікі. Бүгінгі кандидат туралы өте көп естігенмін. Бұл жерде дәстүрлі спортты түсінетін адамдар отыр деп ойлаймын. Бұл спорттың кез-келген мемлекетте дәстүрлі болын саналатындығын ескерсек, біздің еңбегіміздің нәтижесі көрінеді. Қазір барлық мемлекеттер барлық күшін олимпиада медалін алуға жұмсайды», - деді Әлемдік күрес бірлестігінің белдікке талас комитетінің президенті Чолпон Султанбекова.
Отырыс барысында бірауыздан шешім қабылданып, алдағы бес жыл бойы Бүкіләлемдік қазақ күресі федерациясын Алик Шпекбаев басқаратын болды.
«Менің кандидатурамды қолдағандарыңыз – мен үшін үлкен жауапкершілік. Енді біз федерацияның жұмысын бірігіп жасап, жобаларды жүзеге асыруымыз керек. Мен құрылымы нақтыланған жерге келдім десем болады. Біз бесжылдық стратегиямызды айқындап, сол бағыт бойынша бар күшімізді салып жұмыс істейміз», - деді Шпекбаев.
Ағымдағы жылдың 20-21 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласында қазақ күресінен VIIIәлем чемпионаты өтеді. Байрақты бәсекеге әлемнің 40 елінен 300-ге жуық спортшы қатысады. Аталған чемпионат «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Сайыс 12 салмақ дәрежесінде, әйелдер мен ерлер арасында жоспарланған.