Сурет: Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі
Ақбөкен мүйіздерін Қазақстаннан Қытайға жаппай сатуды ұйымдастырғаны үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесіне қатысты үкім шығарылды.
Қылмыстық бизнес 2018 жылдың жазынан басталған. Киік мүйіздері қытайлық шығыс медицинасымен айналысатындарға сатылған.
Мүйіздерді Қазақстанның әр аймағындағы браконьерлерден жаппай сатып алып, Қытайға жеткізіп отырғаны анықталды.
2019 жылдың қазан айында ҰҚК қызметкерлері Алматы, Ақтөбе және Атырау қалаларында қылмыстық топты құрықтады. Тінту кезінде ақбөкеннің бір тонна 118 келі мүйізі тәркіленді.
Сурет: Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі
Ұйымдасқан қылмыстық топтардың заңсыз қызметінен мемлекетке келтірілген зиян - бес миллиард 665 миллион теңгені құрады. Қылмыстық топ мүшелерін ұстау кезінде істі «жасыру» үшін ірі көлемде пара бермек болған.
Сот 12 адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 262 (Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу) және 339-баптары (Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ тыйым салынған жануарлар түрлерін заңсыз аулау) бойынша кінәлі деп тапты.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі сегіз жылға, басқалары қысқа мерзімге бас бостандығынан айырылды.