Республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы – ел нарығында үш жыл бойы қарқынды жұмыс істеп келе жатқан орталық. Жаңа буынды, болашақты тәрбиелеу мен сапалы білім беруді өзара ұштастырып, жаңа әдіс-тәсілдермен жұмыс істейтін орталықтың қызметіне сұраныс сәт санап артуда. Дәл осы «Балдәурен» РОСО-ның Түркістан облысындағы филиалы да орталық талаптарына сай болып, оңтүстік өңірдің жеткіншектеріне қызықты әрі пайдалы демалыс ұсынып келеді.
Бүгінгі жастар ұжымдық жұмыстарды қызықты өткізуге, халықаралық тәжірибелерді сынап көруге, жаңа әдіс-тәсілдерді өз беттерінше дамытуға бейім. Бұл – заманның талабы.
«Балдәурен» орталығының негізгі ұстанымы – оқушыларға тек қана сапалы білім берумен шектелмей, олардың сабақ уақытын, сабақтан тыс уақытын тиімді әрі қызықты өткізуге көмектесу. Сонымен қатар, келешек буынды әлеуметтік жауапкершілікті түсініп, мәдениетті және рухани кемел болып қалыптастыру мақсатында қолға алынып, бүгінде жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалар бар.
Әрбір оқушы – қалыптасушы тұлға. Оның бойындағы талант пен қабілеттерді уақытылы көріп, сол бағытта арнайы жұмыс істеп, балаға қолдау білдіру – аса маңызды жауапкершілік. Бала тәрбиелеу, білім беру сияқты болашақ алдында аманат арқалаған қызметте мұғалім өз ісіне әрдайым адал болуға тырысатыны сөзсіз.
«Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы бұрынғы «Артек» лагерінің негізінде Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тапсырмасымен құрылған. Сол деңгейіне сәйкес, «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы қазіргі таңда жас буын тәрбиесі жөнінде аса маңызды рөл атқарып келеді.
«Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының Түркістан облыстық филиалы – оңтүстік өңірдегі оқушылардың өзара тіл табысып, тұлға тану, қарым-қатынас құру қабілетін арттыру, білімін жетілдіру, салауатты өмір салтын сақтау және спортпен айналысу деңгейін көтеру мақсатында ашылған орталық.
Осы орталықта қызмет істеген үш-төрт ай шеңберіндегі жұмыс барысында тәжірибелі педагог ретінде шын қуандым. Мұндағы әрбір балаға деген қарым-қатынас, көзқарас бөлек. Әрбір баланың қызығушылықтарына назар аудара отырып жұмыс істеу, олардың қабілеттерін жетілдіру сияқты үдерістер қалыпты жайтқа айналған.
«Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының Түркістан облыстық филиалындағы алғашқы маусымы «Экофест» деп аталған. Бұл аралықта оқушылар қоршаған ортаны сақтаудың маңызын, қазіргі жаһандық экосаясат, бүкіләлемдік экопроблемалар туралы мағлұматтар алды.
Оқушыларға жаһандық экология мәселелері туралы түрлі ақпарат беріле отырып, әрбір адамның әлемді сақтауға мүмкіндігі бар екенін және оны қарапайым күнделікті тұрмыстық жағдайда қалай жүзеге асыру керектігі, қандай әрекеттерді бойға сіңіріп, үйреншікті қалыпқа түсіру қажеттігі туралы сабақтар өткізілді. РОСО-ның Түркістан облыстық филиалындағы экологиялық мәселелерді терең танып-білуге бағытталған маусымның ашылуы да бекер емес. Түркістан облысының Төле би ауданына қарасты Нысанбек ауылының аумағындағы керемет табиғат, көк тіреген тау шыңдары, кісінің мінезіне мінез қосатын сарқырап аққан өзен, айналадағы жайбарақат тыныштық оқушыға қайталанбас әсер сыйлары сөзсіз.
Республикалық орталықтың атқарып отырған міндеттері аса ауқымды. Ең алдымен, орталықта демалатын оқушылардың әрбір сағатын жоспарлап, тиімді өткізуге деген ұмтылыс қадағаланады. Сондай-ақ, кез келген көңіл көтеру мақсатында ұйымдастырылатын шаралардың астарында тәрбиелік мәні, ізгілікке негізделген түйіндер болуы шарт. Бүгінде «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығының Түркістан облысындағы филиалының директоры Босымбаев Дәурен мырзаның бастамасымен біршама жобалар жүзеге асырылуда.
Басшының қарамағындағы қызметкерлерге заңға қайшы келмейтін кез келген әрекетіне шектеу қоймай, еркіндік беріп отырғанын айта кеткен жөн.
Креативтілік – қазіргі уақытта жаһандық деңгейдегі жұмыс процесінде талап етілетін қасиет. Біздің орталықта да алабөтен ойлай алатын мамандар жұмыс істеп, оқушылардың жедел шешім қабылдап, жағдайды тез сараптау қасиетін дамытуға көмектесуде.
Республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалған оқушы көптеген пайдалы мағлұматтар алып, жаңа достар тауып, өздерінің әрі қарай қандай бағытта әрекет етуі қажет екенін ойланып, түрлі жоспарлар құрып, арман-қиялының көкжиегін кеңейтіп қайтады. Ал қалыптасушы тұлға үшін бұл – ұлы мұраттардың орындалуының алғашқы баспалдақтары.
Еліміздің ертеңі – тұтқа ұстар буынды тәрбиелеу, дұрыс білім беру, жаһандық беталыстарға сәйкес қалыптастыру – ұстаз бен ата-ананың ортақ міндеті.
«Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығының ұстаздары кез келген кішкентай қонақты құшақ жая күтіп алып, уақытын барынша пайдалы өткізуге дайын. Біз біргеміз!
Роза ЕСЕБАЕВА