Облыстық аурухананың қызметкері ресейлік "Спутник V" вакцинасын қабылдағаннан кейін есінен танып қалды. Бұл туралы Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі айтты.
Бөлім өкілдері медбикеде әлсіздік байқалғанын, ал талып қалуының себебі жүйкесінің сыр беруінен екенін айтты.
"2021 жылы 2 ақпанда ШЖҚ "Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана" КМК-да жұмыс істейтін А. есімді медицина қызметкерінің "Спутник V" вакцинасын алғаннан кейін артериялық қысымы сынап бағанасында 140/100 миллиметрге дейін көтерілген. Екпеден кейін қысымның көтерілгенін байқап, пациентке 103 "Жедел жәрдемі" шақырылды. Ол ауруханаға жеткізіліп, қабылдау бөлімінде бір сағатқа жуық бақылауда болды", - деп хабарлады облыстық ҚДСБ баспасөз қызметіндегілер.
Қазір медбикенің жағдайы жақсарғанын хабарлады.
"Қалыпты гемодинамикалық көрсеткішке байланысты ауруханаға жатқызу міндетті емес. Қан қысымының жоғарылауы пациентінің қатты қобалжуының әсерінен болған. Қазіргі уақытта медбике жұмысына кірісті, жағдайы қанағаттанарлық", - деді баспасөз қызметі өкілдері.