Елордадағы жедел жәрдем автопаркі 52 жаңа көлікпен толықтырылды. Оның ішінде 20 көлік пайдалануға берілсе, қалған 32 көлікті жыл соңына дейін беруді жоспарлап отыр деп жазады Bairaq.kz порталы.
"Мемлекет басшылығы елдегі медицинаның жағдайын жақсартуды, медициналық қызметтердің дәрежесін көтеруге, оның ішінде жедел жәрдем қызметінің ахуалын арттыруды мақсат тұтады. Адамдар алдымен сіздерге хабарласады. Біраз нәрсе сіздерге қатысты өрбиді. Сіздердің басты миссияларыңыз - адам өмірін құтқару", - деді қала басшысы кездесуде.
Ел астанасына берілген көліктер - заманауи технологиялармен жабдықталған, науқасқа уақытылы алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған көліктер. Олардың ішінде жүрек соғысын, өкпе қысымын, қан айналымды қадағалайтын құрылғылар бар.
"Күніне біздің қызметімізге 3 мыңнан аса адам жүгінеді, 1700-ден астам қоңырау түседі. Көліктер берілмей тұрып біздің автопаркімізде 64 көлік болған. Жаңа көліктер уақытты үнемдеуге, жылдамдықты арттыруға көмек болады. Шынын айтсақ, автопарк екі есеге ұлғайды ғой. Биыл қауіпсіз көлік тізгіндеу стандартынан 700 қызметкеріміз сәтті өтті", - деді "Қалалық жедел жәрдем станциясының" басшысы Мұрат Оразбаев.