Биыл қазақстандықтар Жаңа жылды әдеттегідей қарсы алмайды. Оған себеп коронавирус пен карантиндік шектеулер. Еліміздің әр өңірінде түрлі шектеу енгізілген. Кеше Алматы қаласы бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа қаулыға қол қойды, ереже ертеңнен бастап күшіне енеді. Жаңа жылда үйге Аяз ата мен Ақшақар шақыруға болмайды.
"25 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін барлық ұйым мен мекемеде жаңа жылдық іс-шаралар өткізуге, сондай-ақ агенттік аниматорларының жұмысына, яғни үйге Аяз ата, Ақшақар және басқа да жаңажылдық кейіпкерлерді шақыруға тыйым салынады", - делінген қаулыда.
Нұр-Сұлтанда үйге Аяз ата мен Ақшақар шақыруға тыйым салынбаған. Бірақ өңірдің бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева үйге аниматорлар шақыру қауіпті екенін айтып, оларға жүгінбеуге кеңес берді.
Елордада да мерекелік кештер мен корпоративтер ұйымдастыруға болмайды. Жаңа жыл уақытында әр отбасыға барлық санитарлық норманы сақтап, от-шашу атуға рұқсат берілген.
26 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда кинотеатрлар ашылады, кафе, мейрамханалардың жұмысы 24:00-ге дейін ұзартылған. Бүгіннен бастап аумағы 2 мың шаршы метрден аспайтын супермеркеттер тәулік бойы ашық болады. Қоғамдық көліктер мереке күндері 06:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді.
Шымкент: Карантиндік шектеулер 11 қаңтарға дейін жасалды. Мұнда да жаңажылдық жиындарға тыйым салынған. Аула мен саябақтарда үш адамнан артық жиналуға болмайды.
ШҚО: Жаңа жылды мейрамханада қарсы алуға болады. Тек үстелде отырып, басқалармен қашықтықты сақтау керек. Әр үстелдің арасы 2 метр болуы қажет. Бір үстелде 4-6 адам отыруына рұқсат берілген, корпоратив өткізуге, мерекелік конкурстар мен би билеуге болмайды.
Атырау облысы: Бұл өңірде алдағы мереке күндеріне байланысты нақты шектеулер әзірше жоқ. Басқа аймақтар сияқты мұнда да мерекелік іс-шаралар мен корпоратив ұйымдастыруға болмайды. Ойын-сауық нысандары, мейрамханалар жұмысына, мереке ұйымдастыру қызметтеріне тыйым салынған.
Маңғыстау облысы: Атыраумен шекаралас жатқан ауылдарда санитарлық блокбекеттер қойылған. Мұнда тек маңызды тауар тасымалдайтындар ғана өте алады.
Қызылорда облысы: Мерекелік жиындар, отбасылық іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Сондай-ақ, таяуда қала әкімдігі мерекелік от-шашу болмайтынын хабарлады.
Жамбыл облысы: Бас санитар дәрігерінің кейінгі қаулысы 27 қазанда шыққан. Өңірде адам көп жиналатын іс-шараларға тыйым салынған. Мереке күндері жабық базарлар мен сауда үйлері жұмысын уақытша тоқтатады. Ойын-сауық орталықтары да жабық болады.
Ақмола облысы: Мерекелік іс-шараларға тыйым салынған. Азық-түліктік емес дүкендер мен сауда үйлері 20:30-ға дейін жұмыс істейді. Жаңа жылға байланысты нақты шектеулер әзірше хабарланбады.
Алматы облысы: Бас санитар дәрігерінің кейінгі қаулысы бойынша, мереке күндері аумағы екі мың метрден үлкен сауда үйлері, мейрамханалар жабық болады. Жабық базарлардың да жұмысы тоқтайды. Ал жұмыс күндері сауда үйлері 21:00-ге дейін, барлық базар 17:00-ге дейін жұмыс істейді.
Қарағанды облысы: 12 желтоқсаннан бастап сауда үйлері, жабық базарлар мереке күндері де ашық болады, бірақ тек 17:00-ге дейін. Ал ойын-сауық орталықтарына тыйым салынған, мерекелік іс-шаралар да өткізуге болмайды.
Түркістан облысы: Ұжымдық және отбасылық мерекелерді өткізуге әлі де тыйым салынады. Кафелер тек жұмыс күндері ашық болады. Ал ашық азық-түлік және азық-түлік емес базарлар жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері 17:00-ге дейін жұмыс істейді.