Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылындағы шошқа фермасында болған дауға қатысты Экология министрлігі шешім шығарды. Ол кәсіпорынның жұмысы бойынша экологиялық заңнаманы өрескел бұзушылықтар анықталды.
"Ағынды суды тазартуға арналған жабдықтар жоқ, өзеннің қатты ластануы байқалады. Топырақ сынамаларының химиялық талдауы 26 мыңнан аса шаршы метр алаңда ластаушы заттардың концентрациясының артуын көрсетті. Сонымен қатар, 40 мың бас шошқаға арналған мал шаруашылығы кешенінде 51 мыңнан астам бас болған", - делінген хабарламада.
Департамент анықталған экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін кәсіпорынға қатысты 11 әкімшілік іс қозғады. Сондай-ақ, мәлімет беруге кедергі келтіргені үшін 3 әкімшілік хаттама толтырылды. Қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта, кәсіпорынның қоршаған ортаға келтірген залалдарының сомасы есептеліп жатыр.
Еске салайық, 19 қараша күні Бестамақ ауылының 80-нен астам тұрғыны шошқа фермасын жабуды талап еткен. Олардың айтуынша, шошқа қалдығы өзен суына ағып жатыр. Тағы бір видеодан жол талғамайтын көлік наразы топтан қашып, қақпаны қиратып өткенін көруге болады.