Әлеуметтік желілер мен БАҚ-тарда Ақтөбеде 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасады деген күдікпен белгілі бизнесмен, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, "Нұр Отан" партиясының мүшесі Аркадий Ни ұсталғаны туралы мәлімет пайда болды.
Ratel.kz порталының мәліметінше, бизнесмен кішкентай қызбен бірнеше рет жыныстық қатынасқа түсті деген күдікке ілінген. Сол әрекеті үшін, яғни қыздың пәктігі үшін бизнесмен 1 миллион теңге төлеген делінеді. Ал кейінгі жыныстық қатынастар үшін бизнесменнің 50 мың теңгеден төлеп тұратыны айтылады.
"Аркадий Ниді ұстау дерегі бойынша Nur Otan облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы облыстық филиалдың Саяси кеңес бюросына оны Nur Otan партиясы билетінен айыру туралы мәселені қарауды ұсынды. Облыстық Саяси кеңес Бюросының қаулысымен Аркадий Ни Nur Otan партиясынан шығарылды", - делінген партияның хабарламасында.
Ал Ақтөбе облысының полиция департаменті Аркадий Ниге қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта күдікті ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы бойынша Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді", - делінген хабарламада.