Бас прокуратураға жүздеген адам арызданды. Олар "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" атын жамылған алаяқтарға алданып қалғанын мәлімдеді.
Зардап шеккендердің сөзіне қарағанда, Otbasy men jastardy qoldau qory қаржы пирамидасы болып шыққан. Бастапқыда ұйым әлеуметтік бағдарлама аясында жұмыс істеп жатырмыз деген. Тіпті мемлекет тарапынан қолдау бар екенін де мәлімдепті. Ал 3,4 проценттік ипотеканы алу үшін тұрғын үй құнының жартысын құюды талап еткен. Осылайша, бір айдың ішінде арзан баспана немесе көлік әперуге уәде берген.
Қор адамның кредиттік тарихы, жасы, тіпті, зейнетақы жарналары да ескерілмейді деп жарнама жасаған. Оған жұрт сеніп, қомақты ақша салады.
Қазіргі мәліметке сәйкес, 600-ден астам адам бір миллиардқа жуық ақша құйған. Олардың ішінде бірден 120 миллион салғандар да бар. Бірақ пәтер де, көлік те рәсімдей алмапты. Бас прокуратураның алдына жиналған халық алаяқтардың бұл әрекетін қаржылық пирамида деп тануды және қаражаттарын қайтарып беруге көмектесуді сұрады.
"Мәселе мынада, корпоративтік қор Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің атын жамылып жұмыс істеген. "Бақытты отбасы" деген бағдарламасы да болған. Бүгінде Есіл аудандық полиция басқармасы да, қалалық прокуратура да тиісті шара қолданбай отыр. Барлық дәлел бар. Қаржы реттеушісінің қорытындысы да жасалды", - дейді заңгер Аян Төреқұлов.
Адамдар қордың жетекшісі Гүлбану Сәпейдің сөзіне сеніп қалдық дейді. Ол әрбір қазақстандықтың пәтер алуға құқылы екенін және әрбір әйел көлік иесі бола алатынын үнемі айтып келген. 2017 жылы оны алаяқтық үшін жауапқа тартқан. Бірақ екі жақтың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.
Алаяқтардың алдауына түскендердің ісін зерттеп жүрген журналист Мәдина Жатқамбаеваның айтуынша, аталмыш қордың бұл әрекетіне не полиция, не қалалық прокуратура тарапынан ешбір шара қолданылмаған.