Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2020 жылғы 8 желтоқсанда «Тарихи-диахрониялық әдісті қолдану арқылы Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының ономастикалық атауларын жүйелендіру» тақырыбында республикалық ғылыми-әдістемелік онлайн-семинар өтеді.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында биылдан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінде «Тарихи-диахрониялық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасы қолға алынған. Аталған жобаны жүзеге асыру Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан бастау алды. Наурыз айынан бастап іске кіріскен жобаның ғылыми-зерттеу тобына ХVІІІ-ХХ ғасырлар аралығындағы жер-су атауларының топонимикасын айқындау, қазіргі топонимдердің өзгеруі мен қайта аталу динамикасын анықтау, топонимнің қалыптасу кезеңін анықтаудағы жер-су атаулары мен экстралингвистикалық факторлардың ықпалын айқындау, зерттеу нәтижесімен қазіргі топонимдердің электронды картасының жобасын әзірлеу міндеті қойылды.
Онлайн басқосудың мақсаты – осы өңірлер топонимдерінің тарихи деректерін ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру жобасын (жұмыстарын) қорытындылау.
Шарада жоба жетекшісі С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәуле Иманбердиева, жұмыс тобының мүшесі Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің бас сарапшысы Елерке Төрехан баяндама жасайды.
Семинарға сала мамандары, жобаның жұмыс тобы мүшелері, өңірлік тіл дамыту басқармаларының басшылары мен мамандары, филологтар мен жоғары оқу орнының студенттері, жалпы жұртшылық ZOOM платформасы арқылы қатыса алады.
Қатысушылардың баяндамашыға сұрақ қойып, тақырып бойынша өз ойларын ортаға салып, талқылауға мүмкіндігі болады.
Байланыс телефондары:
тел: 8 (7172) 277133
ұялы тел: 87051504994
е-mail: tilalemi.kz@gmail.com
Өтетін мерзімі: 2020 жылғы 8 желтоқсан
Басталу уақыты: 15:00
Өтетін орны: Нұр-Сұлтан қаласы, Сауран 7/а, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ конференц-залы.