Алматыдап полицейлер есірткі зертханасын жою бойынша арнайы операция өткізді. Арнайы операция кезінде 26, 24 және 23 жастағы ер адамдар ұсталды.
"Кешкі сағат жетілерде Абай даңғылында Hyundai көлігі тоқтатылды. Көлікте екі адам отырған. Олардың бірінен "мефедрон" есірткісі алынды. Күдіктілердің бұл есірткі түрін үйінде Жетісу ықшамауданында жалдап тұрып жатқан пәтерінде дайындайтыны анықталды. Олар есірткінің барлығын тоңазытқышта сақтаған болып шықты", - дейді полицейлер.
Олардың айтуынша, үшінші күдікті пәтерден табылған. Олардан барлығы 10 келі есірткі тәркіленгені айтылады.
Қылмыстық кодекстің 297-бабы ("Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.