Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, шаһар тұрғындарын «Қала күні» мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар әкім мерекеге орай салтанатты шаралардың болмайтынын атап өтті. «Құрметті алматылықтар! Биыл Қала күні сән салтанатты түрде өтпейтін болып тұр. Барлық іс-шаралар онлайн өтеді. Пандемия бізге сақ болуды, санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтап, жаңа толқынға дайын болуды үйретті.
Бұл нәубет адамдарды жақындастырды, құндылықтарды өзгертіп, жақынымызға жанашыр, қамқор болуға үйретті. Қазіргі қалыптасқан жағдайда адамдар дәрігер мен ұстаздың, полиция мен әскери қызметкердің еңбегін бағалай бастады. Олардың алдында бас иеміз. Алматылықтар, әдеттегідей, өздерінің ең жақсы қасиеттерін паш етіп, ерік-жігері мен төзімділігін, бірлігін көрсете білді.
Қымбатты қала тұрғындары, Сіздерді Қала күнімен құттықтаймын! Әр отбасыға зор денсаулық, бақыт пен амандық тілеймін! Туған күніңмен, сүйікті қала!» - деді ол.