Қазақстандық шенеуніктер кей-кейде қызметтік этиканы белден басып, тұрмыстық деңгейге дейін түсіп, азаматтар тарапына ауыр сөздер айтып қалып жатады. Жұмысбасты екенін, проблемаларды түсінетінін көрсету үшін де қолданылады кейде бұл тәсіл. Бірақ кеше ғана Алматы облысының Бас санитар дәрігері болып тағайындалған Ерғали Сыдыманов талдықорғандықтарды таңғалдырды.
Қазақтілді ортамен жақсы тіл табысатын лауазымды тұлғалар да жоқ емес. Қырымбек Көшербаев, Бердібек Сапарбаев, Даниал Ахметов, Серікбай Трұмов сынды әкімдер ел арасында абырой-беделге ие.
Ал Сыдымановтың «андай-мындайы» кімнің көңілінен шықпақ?! Видеоға түсіріп тұрған азаматқа да «бәрі осыдан басталады» деген сөзін қалай түсінбекпіз?!
Аймақтардағы Бас санитар дәрігерлер бұрыннан жоғары лауазымды шенеуніктер қатарында саналады. Ал қазіргі жағдайда бұл азаматтардың жауапкершілігі еселеп артқан. Аңтарылған жұрт өзіне арқа сүйеген кезде атқамінерлердің ауыр сөзі кімге жеңіл тимек?
«Мен саған қызмет көрсетпеймін! Бала асырау керек, кредит бар, андай-мындай. Мен де мұндайды бірінші рет көріп тұрған жоқпын. Басымды қатырмаңдар! Сен неге түсіріп тұрсың, осындайдан басталады бәрі», - деді Ерғали сыдыманов Талдықорған қаласының тұрғындарымен кездесу барысында.
Кейін Сыдыманов басқаратын мекеме аталмыш видеоға қатысты пікір білдірді. Кездесу барысында «Хабиби» сауда үйінің өкілдері жұмыс істеуге рұқсат беруді талап етіпті. Солай дейік, бірақ қандай жағдайда да мемлекеттік қызметкердің тіл тазалығы, өзін-өзі ұстауы жоғары деңгейде болуы шарт.