Жасанды есірткі талай жасөспірімнің келешегін күл-талқан етті. Әлі талай бозбала мен бойжеткеннің болашағын бұлыңғыр етері анық. Егер көлеңкелі бизнеске тұсау салынбаса. 27-шілде күні Алматыдағы ең ірі синтетикалық есірткі шығаратын зертхананың ұйымдастырушыларн Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері құрықтапты.
Тінту барысында «қара нарықтағы» жалпы бағасы 1,5 миллиард теңгеге жуықтайтын 55 келі «мефедрон» тәркіленген. Есірткімен қоса қомақты суммадағы шетелдік валюта мен қару-жарақ та табылыпты бұл жерден.
ҰҚК қызметкерлері зертханадағы құрал-жабдықтар мен 30 келі есірткі дайындауға жеткілікті қоспаларды тапқан. Қолға түскен екі күдікті тергеу изоляторына қамалды. Егер күдіктілердің қылмысы анықталатын болса, ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабының 3-тармағына сәйкес мүлкін тәркілеу және 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Күдіктілер Іле-Алатау ұлттық саябағының аумағында қылмыстық әрекетті ұйымдастырып, кейін тапқан қаражатына коттедж алған. Дәл осы үйдің астында «мефедрон» өндіретін зертхана жасақталған.
Синтетикалық есірткі өнімдері көтерме сауда арқылы интернетте DarkNet атауымен белгілі еліміздегі ірі наркодүкендерге тасымалданыпты. Ал ақысын биткоин арқылы алып отырған.
Күдікті азаматтардың айтуынша, бұл зертханада жасалған синтетикалық есірткілер тұтынушылар тарапынан жоғары баға алып, Қазақстанда теңдесі жоқ тауарға айналып үлгерген.