Ақтау қаласының қоғам белсенділері аймақтың Полиция басшысы мен Бас санитар дәрігерінің отставкасын талап етті. Бұған себеп – облыстың Полиция департаментінің бұрынғы басшысының анасын жерлеу рәсіміне жүздеген адамның жиналуы.
Қатаң карантин режимін қамтамасыз ететін тәртіп сақшылары жиналған жүз қаралы адамды таратудың орынына оларға жол ашып беріп, қызмет қылған.
Қаралы жиынның видеосы әлеуметтік желіде жылдам тарап, көпшіліктің ызасын туғызды. Ал Маңғыстау облыстық Полиция департаменті басшысының сол арада мәлімдеме жасап, халықты жиындардан аулақ болуға шақырған сөзі отқа май құйды.
«Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің басшысы мен аймақтың Бас санитар дәрігері жұмыстан кетсін. Бүгінгі жиынға қатысқан барлық шенеуніктерге қызметтік тексеру жүргізу керек. Олардың бұл әрекетіне қызметтік ескерту жасалып, әкімшілік жауапкершілік тағайындалу керек.
Ақтауда ағайынды Аблазимовтардың анасы дүниеден өтті. Оның бірі – БҚО Полиция департаментінің басшысы, ІІМ генерал-майоры. Екіншісі – елдегі ең әлеуетті 50 адамның қатарындағы кәсіпкер», - деді қоғам белсендісі Мұхтар Үмбетов.
Еске сала кетейік, қазір елімізде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында қатаң карантин режимі енгізілген.