Елорда әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, «Жедел жәрдемге» қоңырау шалатындар саны екі есе азайған. Бұл мәліметті қалалық «Жедел жәрдем» станциясының директоры Мұрат Оразбаев айтқан.
«Қоңыраулар саны айтарлықтай азайды. Қазір күніне 1 400 шамасында қоңырау түседі, біршама уақыт бұрын бұл көрсеткіш 3 мыңнан асып түсетін. Түскен қоңыраулар ішінде коронавирусқа байланысты 500 қоңырау болса, бүгін бұл көрсеткіш 182-ге дейін қысқарды. Барлығы екі есе азайған», - деді Оразбаев.
Оразбаевтың айтуынша, науқастар санының шарықтау кезеңі шілде айының соңында болған. Уақытыл қабылданған карантин шаралары мен телефон арқылы дәрігер кеңесін алу қызметінің арқасында қиындық біршама азайған. Дегенмен, арқаны кеңге салуға әлі ерте.
«Алда тұмау науқаны. Коронавирус инфекциясы да толық ауыздықталған жоқ. Эпидемиологиялық жағдай ушыққан жағдайда біз еңбек, адам, техникалық ресурстарымызды ұлғайта түсеміз. Бригадалар саны 110-нан 150-ге жетті. Тамыз айында 14 дана реанимобильдер келеді деп күтіп отырмыз. Медициналық колледжді бітірген түлектерді дайындап, қызметкерлер санын арттыру жұмыстары жүргізілуде», - деді директор.