Атыраудағы эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлауына байланысты аймақ белсенділері мемлекет басшысына хат жазып, білікті дәрігерлер шақыртуын сұраған.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, өңірде медициналық кадрлардың жетіспеушілігі - бірнеше жылдан бері қаузалған мәселелердің бірі. Жағдай пандемия кезінде тіпті қиындап кеткен.
«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкин өткен аптада аймаққа медицина қызметкерлерін әкелу туралы келісімге келген. Біз жалақыға, баспанаға, ас-ауқат және көлікке байланысты барлық жағдайды жасап қойдық», - деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, Астрахань дәрігерлері де көмек қолын созуға дайын. Олар Ресей Федерациясы Үкіметінің арнайы бұйрығы шыққан бетте Атырауға келмек.