Атырау облысының мемлекеттік қызметкерлері, қоғам қайраткерлері және белсенділері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялап, шұғыл көмек қажет екенін жеткізді. «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Бірнеше жылдан бері Атырау облысы республикалық бюджеттің демеушісі болып келеді. Біз отандастарымызға қажет уақытында көмек бере алғанымызбен мақтанамыз.
Өкінішке орай, қазір Атырау облысының басына қара бұлт үйіріліп тұр. Коронавирус жұқтырған науқастар күн санап артуда. Атырау облысы науқастар санының өсу қарқыны бойынша елде көш бастап тұр. Күніне жүздеген адам аурухана төсегіне таңылуда. Ал стационарларда адамдар қырылып жатыр.
Бізде бұл трагедия тауқыметін тартпаған адам аз. Аймақты үрей, шарасыздық билеп тұр. Ауруханаларда мүлде орын жоқ деуге болады. Ал жедел жәрдем шақырылған уақыттан 4-5 сағаттан кейін келеді. Барлық емханалар жабық.
Облыстың 7 ауданында да жағдай ауыр. Әсіресе Қызылқоға, Мақат аудандарындағы жағдай қиын. Өлім көрсеткіші үлкен.
Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Жоғарыда баяндалған жағдайды ескере отырып, бізге өзге елдерден келген (Ресей, Оңтүстік Корея) дәрігерлерді жіберуіңізді сұраймын.
Атырау облысы коронавирус инфекциясымен күресуде тәжірибесі бар дәрігерлер көмегіне мұқтаж.
Жағдай өте ауыр. Кешіктіруге, кейінге қалдыруға мүлде болмайды!!! Біздің жанайқайымызға құлақ түріңіз!
Құрметпен!
1. Ирак Елекеев – ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген заңгері;
2. Айгүл Үлкенбаева – ҚР еңбек сіңірген артисті, күйші;
3. Еділ Құсайынов – этномузыкант, ҚР еңбек сіңірген қайраткері;
4. Ринат Гайсин – композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері;
5. Сембек Жұмағалиев – ҚР еңбек сіңірген қайраткері;
6. Әділ Қойтанов – ҚР «Құрмет» орденінің кавалері;
7. Жанна Орынбасарова – Белгілі қазақстандық әнші;
8. Салтанат Рахимова – қалалық мәслихат депутаты, заңгер;
9. Ерлан Күмісқалиев – қоғам қайраткері;
10. Тұрсын Қалимова – ҚР Журналистер Одағы мүшесі, «Айқын» газетінің меншікті тілшісі».