Ақмола облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген екі қылмыскер ұсталды
КӨКШЕТАУ. BAIRAQ.KZ - Ақмола облысында «Келімсек-2019» жедел шарасы барысында мемлекетаралық іздеуде жүрген екі қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ведомствоның мәліметінше, облыс аумағында шілденің 16-17 аралығында «Келімсек-2019» жедел алдын алу шарасы жүргізілді. Оған облыстық ПД жеке құрамынан 300 қызметкер жұмылдырылды. Аталған шара облыс аумағында тұрып жатқан, сондай-ақ, жұмыс істеп жүрген шетел азаматтары тарапынан көші-қон заңнамаларын бұзғанын анықтау мақсатында қолға алынып отыр. Екі күн бойы жүргізілген жедел-алдын алу шарасы кезінде көші-қон полициясының қызметкерлері ҚР көші-қон заңнамасының бұзылуына қатысты 150 әкімшілік хаттама толтырды. «Нақтырақ айтсақ, 2019 жылғы 16 шілдеде тәртіп сақшылары Ресей Федерациясының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Ол Ресейдің ҚК-нің 158-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін Татарстан Республикасының Жазаны орындау федеральды қызмет басқармасы тарапынан іздеуде болған. Сонымен қатар, шара барысында полиция ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыс жасап, іздеуде жүрген 46 жастағы қылмыскер және сот белгілеген мерзімде елден шығу туралы Қазақстан сотының шешімін орындамаған өзбекстандықты ұстады», дейді ведомстводан. Бұдан бөлек, облыста ҚР Көші-қон заңнамасының бұзғаны үшін ҚР ӘҚбК-нің 518-бабы бойынша 28 шетелдікті қабылдаушы тарап және шетелдік жұмыс күшін қолданған 8 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Ал, ҚР көші-қон заңнамасын бұзған 111 шетел азаматы ҚР ӘҚбК 518-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, шетелдіктерді ел аумағынан шығару туралы 20 сот актісі қабылданса, 6 шетел азаматының уақытша болуы мерзімі қысқартылды.