«Теңіз» мұнай-кен орынында коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы бір қызметкер қайтыс болды.
Өткен тәулікте елімізде коронавирустан төрт адамның бақилық болғаны хабарланды. Оның екеуі – Атырау облысының азаматтары. Екеуі де жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатқан екен.
«1964 жылы туған «Теңіз» мұнай-кен орынының жұмысшысынан коронавирус анықталған соң жедел жәрдеммен Атырау облыстық ауруханасына жеткізілген. Оның өкпесінің екі жағы да қабынған», - деп мәлімдеді ведомствоаралық комиссия.
Екіншісі 1951 жылы туған зейнеткер екен. Науқас бір апта бойы ауырып, үй жағдайында қала берген. Тынысы тарылған соң ғана дәрігер қызметіне жүгінген. Ол ауруханаға жеткізілген бойда ИВЛ аппаратына қосылған.
Бұл – «Теңіз» мұнай-кен орынындағы екінші адам өлімі. Айта кетейік, біршама уақыт бұрын дәл осы кен орынының 53-жастағы жұмысшысы коронавирустан қайтыс болған еді.