Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасының салынуы туралы әңгіме көп. Мемлекет басшысы кешегі сұхбатында осы әңгіменің басын ашып берді. Ол «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында АҚШ-тың әскери базасының Қазақстан жерінде салынуы күн тәртібінде тұрмағанын айтты.
Дегенмен, осы аралықта АҚШ пен Қазақстан арасында энергетика, инвестиция, технология сияқты бірқатар стратегиялық салалар бойынша қарым-қатынас үздіксіз дами бермек.
«Біз әрдайым қару және ядролық қаруды таратпау саясатын ұсынамыз және серіктестерден де осыны талап етеміз», - деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан бұрынырақ АҚШ-пен биологиялық қауіпсіздік мәселесі бойынша серіктес болған. 2016 жылдың қыркүйегінде Алматыда Орталық референс-зертхана ашылып, кей деректерге сүйенсек, оның құрылысына АҚШ үкіметі 130 миллион доллар бөліпті.
«Келісімшарттың аяқталуына байланысты америкалық ғалымдар Алматыдағы зертхананы тастап кетті. Қазір ол жерде тек қазақстандық ғалымдар мемлекет бюджетімен қаржыландырылып, еңбек етуде», - деді Тоқаев.
Биологиялық қауіпсіздік мәселесі Қазақстанда өзекті. Тоқаев осы себепті ашық түрде ресейлік мамандармен серіктес болуға дайын екенін мәлімдеді.
Бір апта бұрын Тоқаев биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырып еді.