Қостанай облысына қарасты Жітіқара ауданындағы зират маңынан жаңа туған сәбидің денесі табылды. Бұл жағдай туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Шақалақ пакетке оралған күйі сол маңда біраз уақыт жатып қалыпты.
«Сәбидің денсаулығы туралы әзірге белгісіз. Біз оның тірі немесе өлі екенін тек болжай аламыз», - деді пост авторы.
Өкінішке орай, шақалақтың көрер жарығы жоқ екен. Қостанай облыстық Полиция департаменті баланың денесінде ешқандай жарақат белгілері жоқ екенін хабарлады.
«27-мамыр күні кешқұрым табылған сәбидің өліміне қатысты тергеу жұмыстары басталды. Қызметкерлер куәгерлер мен баланың анасын іздестіруде. Тергеу барысында сараптама тағайындалды», - деп мәлімдеді департамент.
Қазір «Жаңа туған сәбиді өз анасының өлтіруі» бойынша Қылмыстық кодекстің 100-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.